Көлік министрлігі қазақстандық көлік жүргізушілеріне ескерту жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:41
- 41
Көлік министрлігі қазақстандықтарды демалыс маусымына орай жолдарда барынша сақ болуға шақырды. Мұндай кезде тасжолдардағы көлік легі дәстүрлі түрде артатынын еске салды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрлік жаз мезгілінде республикалық тасжолдарда, әсіресе өңірлер арасындағы және демалыс орындарына баратын бағыттарда көлік легі айтарлықтай артатынын атап өтті. Осыған байланысты жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, басып озу ережелерін бұзбау, шаршаған күйде рөлге отырмау және тәуліктің қараңғы уақытында, сондай-ақ жолдың аса қарбалас учаскелерінде барынша сақ болу ұсынылады.
Егер көлікте балалар болса, қауіпсіздік белдіктерін және балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдалану қажет. Көлік министрлігі жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан болатынын еске салды.
Ведомство мәліметінше, барлық жол апаттарының 91 пайызы осы себептен болады. Көбіне жылдамдықты асыру басты себепке айналады. Екінші орында - көлікті басқара алмай қалу, одан кейін қашықтықты сақтамау және жол белгілеріне мән бермеу тұр.
Тас жолдарда жол апаты азайған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жол-көлік оқиғаларының саны 1 507-ден 1 371 жағдайға дейін, яғни 9 пайызға төмендеді. Бұл жолдардағы қозғалыс қарқындылығының айтарлықтай артуына қарамастан тіркеліп отыр. Алты ай ішінде тасжолдармен 22,3 миллион автокөлік жүріп өткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық.
Министрлік апаттылықтың төмендеуінің бір себебі ретінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесін атайды. Қазіргі уақытта бұл жүйе жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын ақылы жолдарда жұмыс істейді.
Ведомство мәліметінше, бұл жүйе енгізілгеннен кейін аталған учаскелердегі жол-көлік оқиғаларының саны 17 пайызға қысқарды.
"ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті жол қозғалысының барлық қатысушысын Жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпаңыздар", - деп атап өтті ведомство.



