Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«38 адамның өртеніп жатқанын көрдік»: Өртке қарсы қызметтің ардагері Нұргелді Қойшыбаев қызметтегі ең ауыр сәтін еске алды

«38 адамның өртеніп жатқанын көрдік»: Өртке қарсы қызметтің ардагері Нұргелді Қойшыбаев қызметтегі ең ауыр сәтін еске алды
kyn.kz
Нұргелді Қойшыбаевтың қос ұлы қазір осы салада еңбек етеді.

Өртпен арпалысып, адам өмірін арашалау – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осы салада ширек ғасырдан астам еңбек етіп, талай тілсіз жаумен бетпе-бет келген өртке қарсы қызметтің ардагері Нұргелді Қойшыбаев KYN.KZ тілшісіне мамандыққа қалай келгенін, ең ауыр оқиғаларын және бүгінгі құтқарушыларға жасалып жатқан жағдай туралы айтып берді.

– Өртке қарсы қызметке келуіңізге не себеп болды?

– Мен Талдықорған облысының Қоңыр ауылында дүниеге келдім. Ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысты. Өзіміз интернатта оқыдық. Мектепте жүргенде медицина саласына барамын деп ойлайтынмын.

1985 жылы мектепті бітіріп, 1986 жылы әскерге аттандым. Екі жылдық әскери борышымның жарты жылын Беларусьте, қалған бір жарым жылын Моңғолияда өтедім. 1988 жылы елге оралдым. Бір жылдан кейін ағамның ұсынысымен өртке қарсы қызметке жұмысқа орналастым. Сөйтіп, өмірімді осы мамандықпен байланыстырдым.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл саладағы жағдай қандай болды?

– Ол кезең өте қиын болды. Егемендікті енді ғана алған уақыт. Техника жетіспеді, құрал-жабдық аз болды. Айлығымыз мардымсыз еді. Кейде алты ай, тіпті бір жыл бойы жалақы алмай жұмыс істеген кездеріміз болды.

Бірақ ешкім қызметін тастап кеткен жоқ. Себебі біз үшін ақша емес, Отанға берген ант маңызды еді. Барлығымыз борышымызды адал атқаруға тырыстық.

– Қызмет барысында есте қалған ауыр оқиғалар көп шығар…

– Әрине. Соның бірі – 1990 жылы зауыттағы ірі өрт.

Сол жерде екі адамды құтқармақ болып, өзім де оттың ортасында қалып қойдым. Ауыр жарақат алып, бір жылға жуық дұрыс жүре алмадым.

Бірақ мен үшін ең ауыр естелік – Талдықорғандағы наркологиялық орталықтағы өрт.

Өкінішке қарай, бізді оқиға орнына кеш шақырды. Барғанымызда 38 адамның өртеніп жатқанын көрдік. Бұл көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.

– Осындай қиындықтарға қарамастан мамандыққа деген сүйіспеншілігіңіз жоғалмады ма?

– Жоқ. Өйткені бұл – жай ғана жұмыс емес. Бұл – адам өміріне жауапкершілік.

Мен өмір бойы кабинетте отырған адам емеспін. Әрдайым өрттің ортасында, құтқару жұмыстарында жүрдім.

Сонымен қатар құтқару қызметіндегі спортпен де айналыстым. Жаттықтырушы болдым. Қазақстанның барлық облыстары қатысқан жарыстарда біздің команда бірнеше рет чемпион атанды.

– Екі ұлыңыз да сіздің жолыңызды жалғастырып келеді екен…

– Иә, бұған қатты қуанамын. Өзім қызметтік пәтерде тұрдым. Балаларым да бала кезінен спортпен айналысып өсті. Қазір екі ұлым да осы салада еңбек етеді. Екеуі де спорттан чемпион атанған.

Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш.

– Қазіргі құтқарушылардың жағдайын қалай бағалайсыз?

– Соңғы екі жылда бұл салаға ерекше көңіл бөліне бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкшетаудағы Азаматтық қорғау академиясына барып, курсанттармен кездескенін теледидардан көріп отырдым. Сол кезде қуаныштан көзіме жас келді.

«Бізді ұмытпапты, біздің мамандықты бағалай бастапты» деп қатты қуандым.

Қазір құтқарушыларға пәтерақы төленеді. Біз 2015 жылы зейнетке шыққан кезде 60-80 мың теңге көлемінде ғана жалақы алатынбыз. Соған қарамастан отбасымызды асырадық.

Ал бүгінгі жас мамандардың жалақысы 350-400 мың теңгеге дейін жетеді. Заманауи техникалармен, жаңа көліктермен жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қызметке келгеннен кейін ауылдық жерлерде де өрт сөндіру бекеттері ашылып, жаңа спорт залдары салынып жатыр. Осындай өзгерістерді көргенде қуанасың.

– Бүгінгі жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Өртке қарсы қызмет – нағыз ер азаматтың мамандығы.

Бұл – жай ғана қызмет емес, елге, халыққа адал қызмет ету.

Біздің ұжым әрдайым бір отбасы сияқты болды. Үйден алып келген тамағымызды да бірге отырып ішетінбіз. Бір-бірімізге сүйеу болдық.

Қазір жастарға барлық жағдай жасалған. Сондықтан осы саланы таңдаған азаматтар өз ісін шын жүректен сүйіп, антқа адал болса екен деймін. Сонда ғана бұл мамандықтың қадірін сезінеді.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар