Нұрай Серікбайдың өлімі: отбасы сотталушыдан 10 миллиард теңге өндіруді сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:05
- 26
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Марқұмның туыстары сотталушыдан 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот отырысында отбасының адвокаты Аянхан Омаров материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арыз берді.
Адвокаттың айтуынша, отбасы 14 739 065 теңге көлемінде материалдық шығынға ұшыраған. Бұл қаражат жерлеу рәсіміне, ас беруге (соның ішінде қырқына), ескерткіш орнатуға, көлік және заңгерлік қызметтерге, сондай-ақ тергеу амалдары мен сот процесіне қатысу шығындарына жұмсалған.
Отбасы моральдық зиянды өтеу үшін сотталушыдан 10 миллиард теңге өндіруді талап етті.
"Ата-анасы мәпелеп өсірген жалғыз қызынан айырылды. Ағалары сүйікті қарындасынан айырылып отыр. Перзентінен айырылған ата-ананың қайғысы мен қасіретін ешқандай материалдық құндылықпен өлшеу мүмкін емес. Өтемақы мөлшері қанша болса да, ол Нұрайды қайтара алмайды және оның қазасынан болған жан жарасын жеңілдетпейді", – деп толықтырды адвокат.
Осылайша, жәбірленуші тарап соттан сотталушы Шерхан Аймаханұлы Аймаханнан мына сомаларды өндіруді сұрады:
- 14 739 065 теңге – материалдық шығынды өтеу ретінде;
- 10 миллиард теңге – моральдық зиянды өтеу ретінде.
Сондай-ақ адвокат егер сот талап арызды қанағаттандырса, отбасы моральдық өтемақының бүкіл сомасын қайырымдылыққа жұмсайтынын нақтылады.
Талап арыз жарияланғаннан кейін судья сотталушыдан қойылған талаптарды мойындап-мойындамайтынын сұрады. Сотталушы бас тартты.




