Нұрай Серікбайдың өлімі: прокурор айыпталушыны өмір бойына соттауды сұрады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 07:41
- 1
11 тамызда өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Сот алдында 28 жастағы Шерхан Аймахан жауап беріп жатыр. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған.
Тараптардың жарыссөзі кезінде прокурор Мадияр Әбілқасымов сотталушыны тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, әр эпизодқа жеке жаза белгілеуді сұрады.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру, 125-1-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша екі жылға бас бостандығынан айыру, ал 115-1-бап – «Сталкинг» бойынша 200 сағат қоғамдық жұмыс тағайындау ұсынылды.
«Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жаза мерзімі үкім жарияланған күннен бастап есептелсін. Аймаханға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», – деді прокурор.
«Аффект жағдайында болдым»: сотталушы өз нұсқасын айтты
Бұған дейінгі сот отырысында 28 жастағы Шерхан Аймахан Нұрайды ұрлады және аңдыды деген айыптарды мойындамаған.
Сотталушының айтуынша, екеуінің арасында қарым-қатынас болған. Ол Нұрайға тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасағанын, ал қайғылы жағдай болған күні қыздан жүзікті қайтарып алып, қарым-қатынасты тоқтату мақсатында кездесуге келгенін мәлімдеген.
Аймаханның нұсқасы бойынша, жанжал кезінде Нұрай бірінші болып оған пышақ жұмсаған. Осыдан кейін өзінің аффект жағдайына түскенін айтқан сотталушы қызға өлімге әкелген жарақаттарды қалай салғаны есінде жоқ екенін жеткізді.
Сонымен бірге ол 2019 жылы басынан жарақат алғаннан кейін психикалық ауытқулар пайда болғанын мәлімдеді.
Бірнеше күнде 154-тен астам қоңырау: тергеу нұсқасы қандай?
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы үш эпизодтан тұратын айыптау актісін жариялаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы 2025 жылдың жазында Нұраймен танысқан. Сол жылдың күзінде ол қызды Алматыдан алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған деген айып тағылып отыр. Кейін Нұрайдың ағалары полиция қызметкерлерімен бірге барып, қызды үйіне қайтарған.
Тергеу дерегінше, осы оқиғадан кейін де ер адам Нұрайдың соңынан қалмаған. Бірнеше күн ішінде оған 154-тен астам рет телефон соғып, Алматыдағы үйінің маңында аңдыған деген мәлімет бар.
2026 жылғы 11 қаңтар кешкі уақытта Шымкентте, Нұрайдың ата-анасының үйіне жақын жерде қызға бірнеше пышақ жарақаты салынған. Нұрай алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті арада екі күн өткен соң қолға түсті.
Нұрайдың ағасы не айтты?
Оқиғадан кейін Нұрайдың ағасы Сұлтан жариялаған мәліметтер қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды.
Оның айтуынша, күдікті Нұраймен 2024 жылдың жазында тойда танысқан. Қыз ер адамның белсенді көңіл білдіруіне жауап бермей, одан сыпайы түрде бас тартқан. Алайда сол жылдың қазан айында жағдай күрделене түскен.
«Ол телефонды тартып алып, көлікке отырғызып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Нұрай үй киімімен болған, оған “соңымнан ермеңіз, мені аңдуды қойыңыз” деп айту үшін ғана шыққан. Ол үлкендерді әрқашан сыйлайтын, ал күдікті 28 жаста болған. Ол осыны пайдаланып, оны алып қашқан», – деп еске алған Сұлтан.
Нұрайдың ағасының сөзінше, ол және үлкен ағасы полицияның көмегіне жүгінгеннен кейін ғана қарындасын алып кеткен. Оның айтуынша, күдіктінің туыстары Нұрайды «келін» ретінде жібергісі келмеген, ал қызды босатуға полиция қызметкерлері көмектескен.
Марқұмның туыстары осыдан кейін құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінгендерін айтады. Отбасының мәлімдеуінше, адам ұрлау фактісі бойынша полиция мен прокуратураға үш рет арыз түсірілгенімен, олар қабылданбаған. Арада бірнеше ай өткенде Нұрай қаза тапты.
Президент полицияның әрекетіне баға беруді тапсырды
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.
Сол күні Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбековтің қызметінен босатылғаны белгілі болды. Сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу туралы істі тиісті түрде тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Кейін әлеуметтік желілерде Нұрай Серікбайдың қатысуымен түсірілген бейнежазба тарады. Оны Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін деген болжам айтылды.
Видеода Нұрай өзін некеге тұру мақсатында ешкім ұрламағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Сондай-ақ жазбада қыздың ер адамға ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізгені естіледі.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сотталушының кінәсі мен оған тағайындалатын түпкілікті жаза сот үкімімен анықталады.



