"Анасына қызын көтеру қиын еді": Қазақстандық сал ауруы бар қызы үшін көпқабатты үйге арнайы көтергіш орнатқан
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:28
- 40
Гүлбергенді серуеннен кейін үйге көтеру әсіресе анасына ауыр тиетін. Бір жолы қызын екінші қабатқа алып шыққаннан кейін әйелінің белі ауырып қалған. Сол сәтте отбасы бұл мәселені басқаша шешудің жолын іздей бастайды.
Самиголла Ғаниев Қазақстан бойынша арнайы көтергіш жасайтын мамандарды қарастырған. Кейін Рудный қаласынан тапсырыспен осындай құрылғы дайындайтын шеберлер табылған.
Көтергішті жасау, жеткізу және орнату жұмыстарына 4 миллион теңгеден астам қаражат кеткен. Оған қоса Гүлбергеннің бөлмесінен құрылғыға тікелей шығу үшін арнайы балкон салынған.
“Қызымның қуанғанын көрсем, жұмсалған ақшаның ешқайсысына өкінбеймін. Қазір арбамен де, жүріс құралымен де түсіп көрдік. Қызым риза, анасы да қуанып жүр. Оның қуанышы – біздің қуанышымыз”, – дейді Самиголла Ғаниев.
Арнайы көтергіш 250 келіге дейінгі салмаққа есептелген. Екінші қабат пен жердің арасы шамамен 3 метр 80 сантиметр. Құрылғыда жарық, бейнекамера және кодпен ашылатын құлып бар.
Жаңа құрылғы Гүлбергеннің күнделікті өміріне де үлкен өзгеріс әкелген. Бұрын оны төмен түсіру және қайта көтеру қиын болғандықтан, ол айына небәрі бірнеше рет қана далаға шығатын. Қазір серуендеу күнделікті әдетке айналып келеді.
Отбасының бұл шешіміне көршілер де қарсы болмаған.
“Жақсы жасапты. Біз де қуанып отырмыз. Анасына қызын көтеру қиын еді, ал әкесі үнемі үйде бола бермейді. Ең бастысы, қызына жеңіл болды”, – дейді көршісі Бибатша Дағыстанова.
Гүлберген қолөнермен де айналысады. Ол бисерден түрлі бұйымдар тоқиды. Ерекшелігі – бұйымдарды аяқ саусақтарының көмегімен жасайды. Қазір оның еңбегін бағалап, тұрақты тапсырыс беретін адамдар да бар.
Бір қарағанда қарапайым ғана көтергіш сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Ғаниевтер отбасы үшін бұл – Гүлбергеннің үйден еркін шығып, күн сайын сыртқы ортамен араласуына мүмкіндік берген маңызды өзгеріс.


