1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды сатуға қойылатын талап күшейеді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:36
- 55
Жаңа талап бойынша өнімнің әр қаптамасына бірегей Data Matrix коды түсіріледі.
ББҚ-ны толық қадағалау жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. Осы күннен бастап өнімнің нарықтағы қозғалысы электрондық құжаттармен рәсімделіп, тауар бір қатысушыдан екіншісіне берілген сайын бұл операция жүйеде тіркелуі қажет болады. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – ББҚ нарығындағы айналымды ашық ету және заң талаптарын бұза отырып сатылатын өнімдерді анықтауды жеңілдету.
Жүйе толық іске қосылып, нарықтағы өнімдердің басым бөлігі таңбаланғаннан кейін тұтынушылар да тауар туралы ақпаратты өздері тексере алады. Ол үшін қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеу жеткілікті. Осылайша сатып алушы өнімнің заңды айналымда бар-жоғын тексеруге мүмкіндік алады.
Жаңа талап ең алдымен ББҚ өндіретін және импорттайтын компанияларға қатысты. Олар тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде тіркеліп, өнімдердің карточкаларын алдын ала енгізуі қажет. Бұл үшін арнайы tanba.markirovka.kz порталы қолданылады.
Мамандар нарық қатысушыларына тіркеу жұмыстарын соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді. Себебі жүйеге енгізілген тауар карточкалары жаңартудан өтуі керек, ал бұл белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан кәсіпкерлер таңбалау талаптары күшіне енгенге дейін қажетті рәсімдерді аяқтап, өнімдеріне кодтарға уақытылы тапсырыс бергені жөн.
Осылайша, 1 қыркүйектен бастап ББҚ нарығында өнімді цифрлық бақылау кезең-кезеңімен енгізіледі, ал 2027 жылғы наурыздан бастап оның айналымын электрондық түрде толық қадағалау көзделіп отыр.




