Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Намаз оқиды": Атырау облысында күйеуі жүкті әйелін ұрып-соққан

"Намаз оқиды": Атырау облысында күйеуі жүкті әйелін ұрып-соққан
Сурет: видеодан скриншот
Атырау облысының Индер ауданында жүкті әйел күйеуінің соққысынан кейін ауруханаға түсті. 32 жастағы үш баланың анасы төртінші сәбиіне аяғы ауыр. Жәбірленушінің айтуынша, жолдасы оны бұрын да ұрып келген. Бұл жолы көршісінің үйіне қашуға мәжбүр болған. Сорақысы сол, бұл қылмысқа құзырлы орган бейқам отыр дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Атырау облысы Индер ауданы ауруханасына ауыр соққылардан түскен Ақбөбек сол түні не болғанын көзіне жас алып еске алады. Күйеуі бұрыннан қол жұмсайтынын, бірақ бұл әрекетін уақыт өте қоятын болар деп кешіріп келгенін айтып жылады. Бұл жолы көршісінің үйіне қашып барып жан сауғалаған. Сол жерден жедел жәрдем шақырған. Оның айтуынша, жолдасы намаз оқиды, бірақ сол түні үйге мас боп келген.

«Жатқан едім, сол кезде екі рет ұрды. Басым, құлағым бәрі шыңылдап кетті. Алла-ай, Алла-ай деп, сол кезде кіші қызым тұрып кетті, балаларымның екеуі де ояу жатқан екен. Олар қорыққаннан, ұйықтап жатқан кейіп танытқан. «Мама, біз қатты қорықтық» дейді. Аямайтынын түсіндім, өліп кетсем де сол жерде ...», - дейді жәбірленуші Ақбөбек Оразбаева.

Жәбірленушінің айтуынша, ауруханаға келген полиция қызметкері оны қорғаудың орнына, «отбасыңды сақта» деп сабырға шақырған.

«Хирург келгенше төмендегі палатада отырдым ғой. Сонда келіп: «Бадроның ондайы жоқ еді ғой, ойлан, отбасың, ертең ұрып кетесіңдер, сол кезде не болмасын, ойлан» деді. Полиция солай деді», - деді жәбірленуші Ақбөбек Оразбаева.

 Осыдан үш күн бұрын ауруханаға түскен Ақбөбек Оразбаева — үш баланың анасы. Төртіншісіне аяғы ауыр. Дәрігерлер қазір оның жағдайы қалыпты, ми шайқалып, емделіп жатқанын айтады.

«Келгендегі жарақатының көбі басында, жақ тұсында, сол жақ аяғында қанталаған іздер бар, ішім ауырады деген, хирургия бөлімінде емделіп жатыр. Қазіргі жағдайы қалыпты. Жүктілікке байланысты акушер-гинекологқа қаралды», - деді Индер ауданы ауруханасының хирургі Асланбек Ермұханов.

Ақбөбек Оразбаеваның туыстары, құзырлы органның қылмыстық іске бейқам қарап отырғанына ашынады. Жүкті әйелін аяусыз жұдырықтаған күйеуді полиция ұстауға асықпаған. Тек олардың табанды талабынан кейін ғана 24 сағатқа қамап, кейін босатқан. Ал бостандыққа шыққан ол ауруханада жатқан әйеліне барып, тағы мінез көрсеткен.

«Бұл істің басталғанына үшінші күн. Сіңлім туралы сенбіде естіп келдім Атыраудан осындай жағдайға түскенін. Мен келген бойда полицияға хабарластым. «Сендер Әділбек Қалиевті ұстадыңдар ма?» дегенімде,  «оны әлі іздестіріп жатырмыз» деді. Түнгі сағат екі жарымда болған оқиға келесі күні 11-ге дейін, ол адамды ұстамаған. Ол үйінде ұйықтап жатыр. Мен сол жерде айқай шығардым. «Неге ұстамайсыздар?! Ол қылмыс жасап отыр. Бір емес, екі адамның өміріне қауіп келтіріп отыр». Олар: «Біз қазір жұмыс істеп жатырмыз» деді», - дейді жәбірленушінің әпкесі Ақтоты Оразбаева.


Шаңырағының шырқын бұзып, аяғы ауыр әйелін тепкілеген күйеу баланың қамалуын, заң алдында жазасын алуын талап етеді.

Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық заңы күшейтілгенмен, қылмыс азаяр емес. Аяғы ауыр әйелін соққыға жыққан ер адамның неліктен 24 сағат ішінде босатылғанын анықтауға Индер ауданының прокуратурасына келген едік. Алайда жауап ала алмадық. Бірақ қазір полициядан оны тергеу изоляторына қайта қамағаны туралы хабарлама алдық.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар