Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Аяғының сүйектері ығысып кеткен": ШҚО-да ер адам аюмен айқасып, аман қалды

"Аяғының сүйектері ығысып кеткен": ШҚО-да ер адам аюмен айқасып, аман қалды
Сурет: arctic-freedom.com
Шығыс Қазақстан облысында аю омартада жұмыс істеп жатқан 58 жастағы ер адамға шабуыл жасады. Оқиға шілде айының соңында Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының маңындағы демалыс базасының жанында болған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, жыртқыш ер адамға кенеттен тап берген. Қасында болған екі адам оған аюдан қорғануға көмектескен, содан кейін аң қашып кеткен.

Зардап шегуші ауруханаға жатқызылды. Ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде болып, кейін травматология бөліміне ауыстырылды. Риддер қалалық ауруханасы ер адамның басы, қолдары мен аяқтарында көптеген терең жарақат болғанын, сондай-ақ қолы мен аяғының сүйектері ығысып, ашық сынғанын хабарлады. 19 тамызда ер адам ауруханадан шығарылды. Қазір ол үйінде ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Шабуылдан кейін оқиға орнына орман және аңшылық шаруашылығының инспекторлары барды. Аңның көзі жойылған.

"Осы оқиғадан кейін бірден оқиға орнына карабиндермен қаруланған біздің инспекторлар шықты, аңның көзі жойылды, қазір ол жерде ешқандай қауіп жоқ. Аюдың адамға шабуыл жасауына нақты не түрткі болғанын айта алмаймын", - деді орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманников.

Оның айтуынша, биыл өңірде аюлардың адамдарға жақындау фактілері жиілеп кеткен. Инспекторлар мұндай шақыртуларға барып, жануарларды үркітеді, ал адам өміріне нақты қауіп төнген жағдайда оларды ату туралы шешім қабылдайды.

"Бірақ бұл менің тәжірибемдегі аюдың адамға шабуыл жасаған алғашқы жағдайы. Жедел жасақта үш жыл, орман шаруашылығында 20 жылға жуық еңбек етіп келемін, бірақ мұндайды көрген емеспін", - деп атап өтті Карманников.

Маман аюлардың адамдарға жиі шығуын ормандардағы азық тапшылығымен байланыстырады. Өткен жылы инспекторлар аюлардың жаппай төлдегенін байқаған - әрқайсысында екі-үш қонжықтан болған. Сонымен қатар өткен және биылғы жылдар өнімсіз болды: үсік пен құрғақшылықтың салдарынан орманда жидектер мен қарағай жаңғақтары жоқ.

Азық іздеген аюлар елді мекендерге, қоқыс тастайтын жерлерге, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жақындайды.

 

Бөлісу:
Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар