Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысында мұғалім жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірді

Түркістан облысында мұғалім жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірді
Сурет: видеодан скриншот
Түркістан облысында Арыста үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 6 маусымда Арыс қаласында болған. Іс материалдарына сәйкес, көлік үй ауласында отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан жүкті әйел мен екі бала қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жарақат алып, екі адам орташа деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Сот алдында мектеп мұғалімі жауап беріп жатыр. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, жол апаты кезінде ол көлікті мас күйде басқарған. Прокурор сот жарыссөзінде айыпталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

"Соттан түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын", – деді прокурор Ақжарқын Оразбай.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы сотталушының асырауында 14 жасқа толмаған қызы барын ескеріп, тағайындалған жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұрады.

Сотта марқұмдардың туыстары да сөз сөйлеп, айыпталушыны кешірмейтінін айтты. Олар соттан оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Апаттан 30 жастағы Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі ауыр жарақат алған. Ал бес жасар қызы оқиға орнында көз жұмды. Әйелдің сөзінше, өзінің де, баласының да денсаулығы әлі толық қалпына келмеген.

"Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз, өзім мүгедек болдым. Менің және баламның денсаулығы қайтадан орнына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын шағында басына құран бағыштауға барып жүрмін", – деді Дана Үсімбек.

Айыпталушы сотта болған жағдайға өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған мүгедектігі бар қызын тәрбиелеп отырғанын айтып, соттан жазаны жеңілдетуді өтінді.

Іс бойынша үкімді 7 қыркүйекте жариялау жоспарланған.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар