Alma Qala Fest аясында екі күн қатарынан өтетін алма жәрмеңкесінде 200 тоннадан астам алма сорттары ұсынылады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 14:30
- 40
Мәдени іс-шара бағдарламасы Алматының тарихы мен заманауи келбетін таныстыруға, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, шығармашылық индустрияны қолдауға және қала тұрғындарына түрлі форматтағы демалыс ұсынуға бағытталған.
Фестиваль аумағында бірнеше тақырыптық аймақтар жұмыс істеп, келушілерге мәдениет, өнер, спорт, экология, цифрлық технологиялар, гастрономия және балаларға арналған ойын-сауық бағыттарындағы түрлі бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Фестивальдің негізгі бөліктерінің бірі – алма шаруашылықтарының жәрмеңкесі. Жәрмеңкеге Алматы өңіріндегі 50 алма шаруашылығы қатысып, 200 тоннадан астам алманың түрлі сорттары мен түрлерін ұсынады. Панфилов Қазыбек би көшелері алаңында келушілер отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып, алманың алуан түрінен дәм тата алады.
«Алматы» көрме аймағында қаланың тарихын, сәулетін, табиғатын және өзіндік келбетін бейнелейтін картиналар көрмесі ұйымдастырылады. Ал Елшіліктер аллеясында қатысушы мемлекеттердің мәдениеті мен дәстүрлері таныстырылады. Көрме барысында ұлттық өнер, қолөнер бұйымдары, дәстүрлі мәдени құндылықтар мен түрлі елдердің ерекшеліктері ұсынылады.
Фестивальдің заманауи аймақтарының бірі – Digital Zone. Мұнда цифрлық технологиялар мен интерактивті жобалар ұсынылып, Алматы тарихына арналған AI-ақпараттық-танымдық инсталляциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар келушілер арқан тартыс, садақ ату және басқа да интерактивті ойындарға қатыса алады.
Eco Zone аймағы экологиялық бастамалар мен жобаларды таныстыруға арналса, Ethno Zone ұлттық мәдениет, дәстүр және қолөнерді насихаттайды. Этноаймақта қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп, келушілер үшін түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін Sport Zone жұмыс істейді. Мұнда спорттық ойындар, эстафеталар және ұлттық ойындар өткізіледі. Балаларға арналған арнайы аймақта кішкентай қонақтар үшін ойындар, аниматорлар, батуттар, аквагрим, сабын көпіршіктері, азоттық шоу және басқа да ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Фестиваль қонақтарына қаланың гастрономиялық әлеуетін таныстыратын 25 қалалық мейрамхананың арнайы аймағы да ұсынылады.
Киносүйер қауым үшін жеке кино аймағы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Жас емес жұбайлар», «Мәди in China», «Сыныптас», «Қолымнан ұста», «Заман Back», «Мафия» және қазақ киносының алтын қорына енген фильмдер көрсетіледі. Сонымен қатар көрермендер «Заман Back» және «Фамилия» фильмдерінің актерлерімен арнайы кездесуге қатыса алады.
Фестивальдің музыкалық және шығармашылық бағдарламасы бірнеше сахнада өтеді. Бас сахнада (Астана алаңы) ФЭА «Отырар сазы», МузартLIFE, Райым Уайыс, «Әдемі ай» дуэті, Құдайберген Бекіш және Еркебұлан Құмаров өнер көрсетеді. Кіші сахна №1-де (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы сахна ) Әли Оқапов, Мади Рымбаев, Ақерке Амалят, Нұрмұхаммед Жақып, «Хазар» тобы, Даро және Венера Алпысбаева өнер көрсетеді. Ал Кіші сахна №2-де (Жібек жолы көшесі) Live band Rockn rolla, иммерсивті қуыршақ театры, «Астра» тобы, Нурдаулет Карлов, Алем Кусаинова және Азамат Торехан өнер көрсетеді.
Атаулы мерекелік іс-шаралардың өтуіне байланысты Төле би және Қазыбек би көшелерінің Абылай хан даңғылы мен Назарбаев даңғылы аралығындағы учаскелері 17 қыркүйек сағат 15:00-ден бастап 21 қыркүйек сағат 03:00-ге дейін уақытша жабылады.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандықтардың 79,3%-ы елдегі ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды
- авторТомирис Тоныкөк
- 14 қыркүйек, 2026
Алматыда 14-18 қыркүйек аралығы кейбір аудандарда жарық өшіріледі
- авторТомирис Тоныкөк
- 14 қыркүйек, 2026




