"Әкем үш ай бойы алимент төлемей келеді": "Байтақ" партиясы хатшысының 15 жастағы ұлы әкесінің табысын тексеруді талап етті (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:30
- 43
Оның айтуынша, әкесі отбасынан бөлек тұрады және оның бөлек отбасы бар. Баланың сөзінше, әкесі еліміздегі «Байтақ» жасылдар партиясында лауазымды қызмет атқарады. Оның ресми жалақысы 85 мың теңге шамасында көрсетілген, ал үш балаға ай сайын 40 мың теңге алимент төлейді.
«Ай сайын 40 мың теңгені үш балаға бөлсек, әрқайсымызға шамамен 13 мың теңгеден келеді. Бұл бізге жеткіліксіз. Әкемнің жалақысы шынымен 85 мың теңге ме, соны тексеріп беретін біреу бар ма?» – дейді 15 жастағы бала.
Осы мәлімдемеден кейін «Байтақ» жасылдар партиясының Атқарушы хатшысы желіде жазба жариялады.
«Ұлым мен қызым шамамен үш жыл менімен бірге тұрды. Осы жылдың қаңтар айында олардың анасы балаларды өзімен бірге алып кетті. Мен балаларымды жақсы көремін, әрқашан оларға қамқор болып, қолымнан келгенше көмектесіп келдім. Сонымен қатар өзім жұмыс істейтін орным туралы да айтқым келеді. Мен жеке кәсіпкермін. Ал партиямен қоғамдық еріктілік қарым-қатынаста жұмыс жасаймын. Яғни қолым бос кезде ғана партияға барып, қоғамдық абыройлы жұмыстарға көмектесемін», деп жазған.
Оның бұл мәлімдемесінен кейін 15 жастағы ұлы әкесінің «Байтақ» партиясында еріктімін деп жалған айтқанын жазды.
«Әкем өз жауабында өзін «Байтақ» партиясының еріктісімін деп жазыпты. Бұл — жалған. Ол осылайша партияны қорғағысы келіп отыр. Біз әкеммен бірге тұрған кезде үйімізге «Байтақ» партиясының жетекшісі әйелімен бірге қонаққа келген. Әкем осы уақытқа дейін үш ай бойы алимент төлемей отыр.
Барлығын құзырлы органдар тексерсе екен, — дейді жасөспірім.


