Ақтөбеде ер адам өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша алып келген (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:12
- 33
Ол жаяу жүргіншілер өткелінде аяғын көлік басып кеткендей көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жаяу жүргіншілер өткелінде ер адам өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерден ақша талап еткен.
Оқиға Жиенбаев және Ташкент көшелерінің қиылысында болған.
«Тексеру барысында оның мұндай әрекетке екі рет барғаны анықталды. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған. Бір жағдайда – 250 мың теңге, екінші жағдайда – 200 мың теңге. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 мың теңгені құрады», – делінген хабарламада.
Жүргізушілердің бірі бұл жағдай бойынша полицияға жүгінген. Тексеру барысында ер адам күдікті ретінде танылды.
«Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция жүргізушілерге ескертеді: жол-көлік оқиғасы болды деген күдік туып, жаяу жүргінші алған жарақаты үшін ақша талап етсе, мәселені өз бетіңізше шешуге тырыспаңыз. Полиция шақырып, болған жағдайдың мән-жайын ресми түрде тіркету қажет», – делінген ПД мәліметінде.



