Бектенов жол ережесін елемейтін қазақстандықтарға айыппұлды екі есе арттыруды ұсынды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:00
- 1
Ережені елемейтіндер бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы да мүмкін. Бұл бастама қазір бүге-шігесіне дейін пысықталып жатыр. Жобаның алғышарты да дайын, тек Құрылтай мақұлдауы керек, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бүгінгі Үкімет отырысы жол сапасы, жүргізушілер жауапкершілігі төңірегінде өрбіді. Сала басшысы Ержан Сәденов пен тақтайдай тегіс жолмен қамтамасыз етуге міндетті» Қазавтожол» басшылығы есеп берді. Әдетте әдептен озбай, сыпайы, біртоға болып отыратын премьер Олжас Бектенов бүгін жол сапасын сынап, бірінші басшы Дархан Иманашевті сұрақтың астына алды.
"Шешілмей жатқан проблема өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтың барлығы сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзетіңіз. Қабылданды. Немесе басқа адамдар түзетуге тырысады", - дейді Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
Премьердің ашуланатындай жөні бар. Себебі миллиондар емес, миллиардтар кеткен жолдың жайы жылда айтылады. Әйтеуір бір қуанарлығы — жол-көлік оқиғасының саны азайыпты. Оған бірден-бір себеп — автомектептерді бақылау күшейтілген. Министрлік бұнымен қоймай, өрескел құқық бұзушыларды тезге салу үшін «балл» жүйесін енгізуді қарастыруда.
— Жүйені әлі пысықтап жатырмыз. Мысалы, жыл бойы тәртіп бұзған жүргізушінің балл көрсеткіші 20 балдан асып кетсе, жүргізуші куәлігінен бір жылға айырылады. Ережеге бағынып, жол қозғалысына аса мән беретін жүргізушілердің бұл жаңашылдықтан секемденбеуін ескертеміз, деді ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасар ыИгорь Лепеха.
Ал масаң күйде рөлге отырғандардың тағдыры өзгермейді. Сол күйі жеті жыл бойы темір тұлпарға жолай алмайды. Норманы жұмсарту дегенді «ауызға алмаңыздар», деді ішкі істер министрлігі. Түнде мотоциклінің дауысын жын ұрғандай ақыртып қоятындарға да жаза қатаңдайды. Премьердің өзі ондайлар «бірден қамалсын» деп отыр.
— Жалпы қазір қоғам белсенді. Адамдар телефон шалып ,102-ге осындай мәліметтерді баяндайды. Жыл басынан бері 372 факті орын алды, барлығы әкімшілік жауапқа тартылды. Елу бесі қамауға алынды, дейді ҚР Ішкі Істер министрі Ержан Сәденов.
— Айыппұл емес, оларды қамау керек.
Жол-көлік оқиғасы мен қаза тапқандар саны азайды деп, статистиканы сөйлеткенмен, премьер-министр Бектенов ережені елемейтіндерге айыппұлды да аямай еселеп арттыруды ұсынып отыр. Әрине, барлық тәжірибе зерделенеді, Құрылтайдың қарауына қалдырылады. Дегенмен жол ережесін қасақана бұзғандардың ешкім басынан сипамайтыны анық.


