"Өз күшімен жағаға жеткен": Каспийдегі оқиға кезінде сарбаздың қалай аман қалғанын анасы айтып берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:49
- 34
Басылым мәліметінше, Бекет Қуандық Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген.
Анасының айтуынша, қайғылы хабарды ести сала отбасы бірден Ақтауға жол тартқан.
"Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады", - деді Карлығаш Мырзғалиева.
Ол сондай-ақ қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, бұл трагедияның бүкіл ел үшін ауыр екенін жеткізді.
"Бұл бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелерінің қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза болған жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін", - деді ол.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы тергеу аясында анықталуда.


