Таулы курорттарды дамытудағы халықаралық тәжірибе: Алматы үшін мүмкіндіктер
- автор kyn.kz
- Бүгін, 13:31
- 1
Олардың басты артықшылығы – спорт, табиғат, көлік, гастрономия, сауықтыру және сапалы сервистің бір үйлесімде ұсынылуы. Бұл тәжірибе Алматы үшін де аса өзекті. Себебі мегаполиске жақын орналасқан таулар туристік өнімді жылдың төрт мезгілінде де дамытуға мүмкіндік береді.
Франция: төрт маусымға арналған тау туризмі
Франция тауларды тек қысқы демалыс орны ретінде қабылдаудан біртіндеп бас тартып келеді. Atout France ұлттық агенттігі тау туризмін жылдың төрт мезгілінде дамыту тұжырымдамасын ілгерілетіп отыр. Оның аясында шаңғы тебумен қатар хайкинг, велобағыттар, отбасылық демалыс, гастрономия және wellness-туризм бағыттары дамуда.
Жазғы маусымдағы сұраныс та айтарлықтай жоғары. Atout France мәліметінше, соңғы үш жылда француздардың 41%-ы жаз мезгілінде таулы аймақтарға барған. Ал соңғы жазғы сапарына қанағаттану деңгейі 96%-ға жеткен.
Швейцария: экология – туристік брендтің бір бөлігі
Швейцария тұрақты даму қағидатын елдің халықаралық туристік имиджінің маңызды бөлігіне айналдырды. Swisstainable бағдарламасы табиғат, жергілікті мәдениет, өңірлік өнімдер және экологиялық таза саяхат түрлерін бір жүйеге біріктіреді.
Бұл бағыт нақты шаралармен де қолдау табады. Атап айтқанда, қоғамдық көлікті дамыту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу және туристік инфрақұрылымның қоршаған ортаға әсерін азайтуға басымдық беріледі.
Австрия: курортқа саяхат та туристік тәжірибенің бір бөлігі
Австрия тәжірибесі көлік қолжетімділігінің маңызын көрсетеді. Таулы аймақтар теміржол және қоғамдық көлік жүйесімен байланыстырылып, туристердің жеке автокөліксіз курорттарға жетуіне мүмкіндік беретін шаттлдар мен өзге де көлік түрлері дамытылуда.
Мәселен, Snow Space Salzburg курорты Austrian Federal Railways және Deutsche Bahn компанияларымен бірлесіп жұмыс істеп, туристерді қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандырады.
Жапония: бірыңғай туристік өнім
Жапониядағы Niseko, Hakuba және Nagano сияқты таулы бағыттар шаңғы туризмін мәдениет, гастрономия, ыстық бұлақтар және жазғы outdoor-бағыттармен ұштастыру арқылы халықаралық брендке айналды.
Бұл ретте туристік аумақтарды біріктіру қағидаты да маңызды. Мысалы, Shiga Kogen аймағында бірыңғай ski-pass бірнеше шаңғы тебу аймағына бірден кіруге мүмкіндік береді. Осылайша турист оларды бірнеше бөлек нысан емес, біртұтас ірі курорт ретінде қабылдайды.
Алматы қандай тәжірибені пайдалана алады?
Төрт елдің тәжірибесі табысты тау туризмінің әртүрлі құрамдас бөліктерін көрсетеді. Франция – жыл бойы жұмыс істеу моделін, Швейцария – экологиялық позициялауды, Австрия – көлік байланысын, ал Жапония бірнеше аумақты біртұтас туристік өнімге біріктіру тәсілін ұсынады.
Алматының өзіне тән бәсекелік артықшылығы бар. Ол – мегаполис пен биік таулардың қатар орналасуы. Турист бір сапар барысында қала өмірін, тауды, белсенді демалысты, ұлттық гастрономияны, мәдениетті және wellness-бағыттарды қатар тамашалай алады.
Сондықтан халықаралық тәжірибені сол күйінде көшіру емес, оны Алматының ерекшеліктеріне бейімдеу маңызды. Алматы тау кластері үшін перспективалы модель – инфрақұрылым, көлік, экология және сервис біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін, жыл бойы қызмет көрсететін туристік бағыт қалыптастыру.
Бұл ретте тау туризмін дамыту тек туристерді тарту мәселесімен шектелмейді. Ол Алматы тұрғындары үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Атап айтқанда, қолжетімді спорттық және рекреациялық кеңістіктер, ыңғайлы көлік жүйесі, отбасылық демалыс орындары, шаңғы мектептері және жыл бойы жұмыс істейтін белсенді демалыс түрлері пайда болады.
Мұндай тәсіл тауларды қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырып, бір мезетте тұрғындарға, туристерге және жергілікті бизнеске пайда әкелуге мүмкіндік береді.


