Күйеуі әйеліне Instagram-да лайк басқан ер адамды пышақтады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:15
- 1
Жақында оған қатысты сот үкімі шықты.
Оқиға биыл мамыр айында болған. Соттың анықтауынша, ер адам мен әлеуметтік желідегі жеке парақшасында әйелінің суреттеріне "лайк" басу абайсыздығын жасаған басқа ер адамның арасында жанжал туындаған.
Жанжал кезінде сотталушы алдын ала дайындап әкелген жиналмалы пышақты шығарып, жәбірленушіні үш рет ұрған. Екі соққы қуық тұсына, ал біреуі жауырын аймағына тиген. Нәтижесінде ер адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте, ашық сот отырысында, аудио және бейнежазба құралдарын қолданумен қаралды.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді, жәбірленушіден кешірім сұрады, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынына сотты сендірді. Ер адам өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот оны кінәлі деп танып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім заңды күшіне енді.


