Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Айтылған сөз – атылған оқ»: чаттағы скриншот немесе Instagram сторисі сотқа арыздануға себеп болуы мүмкін

«Айтылған сөз – атылған оқ»: чаттағы скриншот немесе Instagram сторисі сотқа арыздануға себеп болуы мүмкін
kyn.kz
Соттар қорлайтын жарияланымдарды өшіруді, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруды және өзгенің фотосуретін келісімінсіз жариялағаны үшін моральдық зиянды өтеуді міндеттеп жатыр. Бұған жуырда қаралған екі іс дәлел.

 Өскемен қаласының тұрғыны Instagram желісінен өзіне қатысты жағымсыз контентті байқайды. Екі қолданушы оның фотосуретін бейәдеп сөздермен бірге жариялап, оның әдепсіз әрекеттері мен «клиенттерді пайдакүнемдік мақсатта алдағанын» меңзейтін жазбалар таратқан.

 Жазба авторлары мұны өздерінің «жеке пікірі» деп түсіндіруге тырысқан.

 Алайда сот бұл уәжбен келіспеді.

 Нақты адамға бағытталған эмоциялық айыптаулар дәлелдермен расталуға тиіс тұжырымдар болып саналады. Жауапкерлер мұндай дәлелдерді ұсына алмаған. Сонымен қатар адамның фотосуретін оның келісімінсіз жариялау да құқықтық салдарға әкелген.

 Нәтижесінде сот жарияланымдарды өшіріп, теріске шығару мәтінін жариялауды міндеттеді. Екі жауапкердің әрқайсысынан моральдық зиянның өтемақысы ретінде 300 мың теңгеден, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.

 Апелляциялық және кассациялық сатылар сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

 Осыған ұқсас тағы бір істі Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты экстерриториялық соттылық тәртібімен қарау үшін Жамбыл облысының Шу аудандық сотына жолдаған. Іс онлайн форматта қаралды.

 Астана тұрғыны үй тұрғындарының жиналысына қатысқан. Көп ұзамай ол өзінің фотосуреті жалпы саны 1,5 мыңға жуық адам қатысатын екі WhatsApp чатында жарияланғанын анықтаған.

 Сот мессенджердегі скриншоттарды электрондық дәлелдеме ретінде таныды. Ал адамның келісімінсіз оның фотосуретін аудиториясы көп чатқа жариялау оның құқықтарын бұзу деп бағаланды.

 Сонымен бірге сот чаттағы хабарламаларды өшіру туралы талапты қанағаттандырмады. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін оларды барлық қатысушының құрылғысынан техникалық тұрғыдан өшіру мүмкін емес.

 Нәтижесінде екі көршінің әрқайсысынан талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 20 мың теңгеден өндірілді.

 Үшінші жауапкердің бұл іске қатысы дәлелденбегендіктен, оған қатысты талапты қанағаттандырудан бас тартылды.

 Жамбыл облыстық соты бұл шешімді қолдады.

 Осылайша, әлеуметтік желідегі «жеке пікір» нақты адамға қатысты фактілермен расталмаған айыптауларды қамтыса, жауапкершіліктен босатпайды.

 Мұндай ақпаратты жариялаған адам оның шындыққа сәйкес екенін сотта дәлелдеуге дайын болуы керек.

 Сондай-ақ адамның өз бейнесіне қатысты құқығын ұмытпаған жөн. Фотосуретті адамның келісімінсіз, соның ішінде топтық чаттарда немесе стористе жариялау құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

 Сот тәжірибесі хат алмасудың скриншоттары мен экран суреттері осындай дауларды қарау кезінде электрондық дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін де көрсетеді.

Материалды пайдалану, дәйексөз келтіру немесе қайта жариялау кезінде ресми дереккөз – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына сілтеме жасау міндетті.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар