«Үш жылда 19 мың шақырымнан астам жол жөнделді: Қазақстанның көлік жүйесі қалай өзгеріп жатыр?»
- автор kyn.kz
- Бүгін, 10:26
- 3
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген өңірлік көлік байланысын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды KYN.KZ.
Негізгі мақсат – өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсарту, жол жүру уақытын қысқарту және Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалын жеделдету.
Үш жылда 19,1 мың шақырым жол салынып, жөнделді
2023–2025 жылдар аралығында елімізде жалпы ұзындығы 19,1 мың шақырым автомобиль жолы салынып, реконструкциядан және жөндеуден өтті.
Ал 2026 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 11 мың шақырымнан астам жол құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен қамтылған.
Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына қарай нормативтік талаптарға сай республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға жетуі тиіс. 2023 жылы бұл көрсеткіш 92% болған.
Жергілікті маңызы бар жолдардың көрсеткішін осы кезеңде 86%-дан 92%-ға дейін арттыру көзделген. Ал 2029 жылға қарай республикалық жолдардың 97%-ын, жергілікті жолдардың 94%-ын нормативтік жағдайға жеткізу жоспарланып отыр.
Оралға жету уақыты 12–14 сағаттан 5–6 сағатқа қысқарды
Жолдарды жаңғыртудың нәтижесі бірқатар өңірде қазірдің өзінде байқалады.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолды реконструкциялау және күрделі жөндеу аяқталған.
Нәтижесінде аталған аудандардағы 54 мың тұрғын үшін Орал қаласына жету уақыты бұрынғы 12–14 сағаттан 5–6 сағатқа дейін қысқарды.
Тағы 800 шақырым жаңа теміржол салынып жатыр
Теміржол саласында да ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол салынған.
Қазіргі уақытта тағы 800 шақырым теміржол құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қолданыстағы 2,6 мың шақырымға жуық теміржол желісі жаңғыртылуда.
Ішкі әуе рейстерінің саны аптасына 890-ға жетті
Авиация саласында өңірлерді әуе қатынасымен қамтуға басымдық берілген.
2026 жылы Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, қаланың Астана, Алматы және Қостанаймен әуе қатынасы қайта жанданды.
Жыл соңына дейін Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймағындағы жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланған.
2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы ішкі әуе қатынасы 60-қа жуық бағытты қамтиды. Аптасына 890 ішкі рейс орындалады.
Кедендік рәсімдеу 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды
Көлік саласын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Теміржолда пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлерге негізделген «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі енгізілген.
Сонымен қатар OneWeb және Starlink спутниктік интернетін дамыту жұмыстары жалғасуда.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Digital Trade Corridor платформасы енгізілді. Ал Tez Customs модулі кедендік рәсімдеу уақытын 8 сағаттан небәрі 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берген.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк жеткізу мерзімі де айтарлықтай азайған. Бұған дейін 38 тәулікке дейін созылған тасымал қазір 13–17 тәулік аралығында жүзеге асырылады.
Үкіметтің мәліметінше, автомобиль, теміржол, авиация және теңіз инфрақұрылымын жаңғырту тасымалды цифрландырумен қатар жүргізіліп жатыр. Бұл өңірлер арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.



