Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық диалогты кеңейтеді – қазақстандық сарапшы Варшавада пікір білдірді

Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық диалогты кеңейтеді – қазақстандық сарапшы Варшавада пікір білдірді
kyn.kz
ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанның қоғамдық диалог пен азаматтар құқығын қорғау тәжірибесі таныстырылды.

Қазақстанда түрлі белгілер бойынша кемсітушілікке қарсы күрес тек құқықтық шаралармен шектелмейді. Қоғамдағы төзімсіздіктің алдын алуда әртүрлі этнос өкілдеріне өзекті мәселелерді ашық әрі сындарлы талқылауға мүмкіндік беретін қоғамдық диалог маңызды рөл атқарады. Бұндай тәсілді Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының төртінші пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылар кеңесі мен Ғылыми комиссияның мүшесі Рахимбек Мамырбаев таныстырды.

Сессия барысында қатысушылар төзімсіздіктің түрлі көріністеріне қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін жан-жақты талқылады. Сарапшының пікірінше, мұндай күрделі әлеуметтік мәселелерді тек қатаң жазалау немесе қылмыстық-құқықтық шаралар арқылы шешу мүмкіндігі шектеулі.

«Төзімсіздік пен ксенофобияның алдын алу үшін әр адам өз ұстанымын ашық әрі еркін білдіре алатын тікелей диалог алаңдарын құру қажет», – деді Рахимбек Мамырбаев.

Мұндай диалогтың негізгі институционалдық алаңы – Қазақстан Халық Кеңесі. Жаңа конституциялық орган 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмысын бастады. Оның құрамына елдегі түрлі этностардың өкілдері енген.

«Халық Кеңесінің қызметі этносаралық келісім мәселелерін қоғамдық талқылау, сондай-ақ ксенофобия мен діни төзімсіздіктің алдын алу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді», – деп атап өтті сарапшы.

Қазақстандағы қоғамдық келісім моделінің тарихи негіздеріне тоқталған Рахимбек Мамырбаев өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін еске салды. Оның айтуынша, сол кезеңдегі жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін салдарынан жүздеген мың қазақ туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.

«Бүгінде Қазақстан қандастардың тарихи Отанына оралуына жағдай жасап, олардың құқықтық мәртебесін қорғауды және қоғамға жан-жақты кірігуін қамтамасыз етіп отыр», – деді сарапшы.

Сонымен қатар XX ғасырда Қазақстанның өзі де күштеп қоныс аударуға ұшыраған жүздеген мың адамның панасына айналды. Қазақ жеріне Еділ бойындағы немістер, Кавказ халықтарының өкілдері және басқа да көптеген этностар жер аударылды.

«Жер аударылған көптеген халық үшін Қазақстан шынайы Отанына айналды. Тарихи Отанына кейін оралғандардың ұрпақтары да Қазақстанмен жылы байланысын үзбей, елге келіп, тағдырлары тоғысқан адамдармен қарым-қатынасын сақтап келеді», – деді ол.

Рахимбек Мамырбаевтың пікірінше, адамдардың қиын кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара жәрдемдесуіне негізделген тарихи тәжірибе түрлі ұлт өкілдері арасындағы құрмет пен тату көршіліктің құндылығын айқын көрсетеді.

«Қоғамдық диалогты дамыту және этносаралық бейбітшілікті сақтау ксенофобияның, антисемитизмнің және діни экстремизмнің таралуына қарсы сенімді тосқауыл бола алады», – деп түйіндеді Сарапшылар кеңесінің мүшесі.

 

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар