Астанада әйел денсаулығында кінәраты бар ұлын әскерге алып кетпек екенін айтып, президенттен көмек сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:15
- 41
Гүлжанат Юпитерқызының айтуынша, дәрігерлер баласының өт қабынан полиптер мен жедел гастрит анықтаған. 8 қазанда ұлына әскерге шақыру қағазы келген соң әйел 12 қазанда баласымен бірге Астанадағы Байқоңыр ауданының әскери комиссариатына барған.
“2025 жылы қыркүйекте ұлымның денсаулығына байланысты әскерге шақыру алты айға кейінге қалдырылған еді. Сол кезде дәрігерлер өт қабынан полиптер мен жедел гастрит анықтады. Жақында ультрадыбыстық зерттеу кезінде жүрегіне қатысты да ауытқулар байқалды”, – дейді әйел.
Әйелдің сөзінше, әскери комиссариатқа барған күні ұлын казармада қалдырып, телефонын алып қойған.
“Ұлыммен байланыса алмай, сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін жауапты адамдардан түсініктеме алуға тырыстым. Бірақ оны не себепті казармада қалдырғанын ешкім нақты түсіндірмеді. Ақырында мені ғимараттан шығарып жіберді. Одан кейін ұлымды 13 қазанда Шымкентке немесе Отарға жіберуі мүмкін екенін айтты. Алайда балам медициналық тексеруден толық өтпеген еді”, – дейді әйел.
Әйел ұлының әскерден босатуды сұрамайтынын, бірақ денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Бірақ осыдан кейін әйел мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ұлына енді ғана дәрігерлерге қаралуға жолдама беріліпті. Ешқандай шағымы жоқ екенін де атап өтті.


