Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

БАҚ-ты құқықтық қорғау мен цифрлық қауіпсіздік Қазақстан реформаларының негізгі бағытына айналды – Риззат Тасым

БАҚ-ты құқықтық қорғау мен цифрлық қауіпсіздік Қазақстан реформаларының негізгі бағытына айналды – Риззат Тасым
Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдіріліп, журналистердің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер күшейтіліп, ірі цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл тетіктері дамып келеді.

Заңнамадағы өзгерістер, сөз бостандығын қорғау және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым айтып берді.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан БАҚ қызметінің құқықтық негіздерін халықаралық стандарттар мен қазіргі цифрлық ортаның талаптарын ескере отырып нығайтып жатыр.

Медиа саласын дамытудағы маңызды кезеңнің бірі – «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануы. Құжат журналистің ерекше мәртебесін бекітіп, оның кәсіби қызметіне қосымша кепілдіктер қарастырды. Олардың қатарында ақпарат алу және тарату құқығы, құжаттарға қол жеткізу мүмкіндігі мен ақпарат көздерінің құпиясын қорғау бар.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың БАҚ сауалдарына жауап беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқартылды. Жарияланған материалдарға қатысты талап қоюдың ескіру мерзімі бір жыл болып белгіленді. Бұл редакциялардың жұмысына құқықтық айқындық береді.

Журналистердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Заңнамада кәсіби міндеттерін тәуекелі жоғары жағдайда атқаратын журналистерді қорғау шаралары, соның ішінде арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған. Журналистің заңды кәсіби қызметіне заңсыз кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген.

Риззат Тасым цифрлық кеңістікті құқықтық реттеу мәселесіне де тоқталды. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң мемлекеттік органдардың интернет-платформалармен өзара іс-қимыл тетіктерін айқындап, пайдаланушыларды құқыққа қайшы контенттен қорғауға арналған қосымша құралдарды енгізді.

Meta, ByteDance (TikTok), VK және Telegram секілді ірі технологиялық компаниялар Қазақстанда өздерінің заңды өкілдерін тағайындады. Бұл заң талаптарының сақталуы мен пайдаланушылардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Сарапшы өзекті бағыттардың бірі ретінде кәмелетке толмағандарды интернеттегі қауіптерден қорғауды атады. Қазір Құрылтайда онлайн-сервистерді пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізуге бағытталған заңнамалық бастамалар қарастырылып жатыр.

Риззат Тасымның айтуынша, қолға алынған өзгерістер сөз бостандығының құқықтық кепілдіктерін нығайтуға, журналистердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға және азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар