Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстан биыл Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алған

Қазақстан биыл Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алған
Сурет: buyingbusinesstravel.com.ru
Қазақстанның мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызына жетіп, 38,5 триллион теңгені құрады.

Соның ішінде сыртқы борыштың үлесі — 8,4 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 4,5 пайызы. Бұл мәліметтерді Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтай отырысында айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар қарыз көлемінің ұлғаюы мен оған қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар жөнінде сұрақ қойды. Министр жауап ретінде Үкіметтің қарыз қаражатын неғұрлым тиімді шарттармен тартуға және бұрынғы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға мән беріп отырғанын жеткізді.

Осы бағытта Мемлекеттік борышты басқару жөніндегі кеңес құрылып, бастапқы дилерлер институты жұмысын бастаған. Бұдан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары халықаралық индекстерге енгізілген.

Такиевтің айтуынша, мемлекеттік борыш үшін белгіленген шек — ЖІӨ-нің 32 пайызы. Министр елдің қарыз көрсеткіштері заңнама талаптарынан аспайтынын, ал халықаралық сарапшылар Қазақстанның борыш деңгейін салыстырмалы түрде төмен деп бағалайтынын атап өтті.

Қарыз тарту шарттарын түсіндірген министр биыл Қытайдан жылдық 1,82 пайыздық мөлшерлемемен 1,5 миллиард доллар алынғанын мысалға келтірді. Оның мәліметінше, бұл қарызға қызмет көрсетуге жыл сайын 12,7 миллиард теңге қажет.

Ал осындай көлемдегі қаражат ішкі нарықтан тартылған жағдайда, жылдық қызмет көрсету шығыны 113 миллиард теңгеден асар еді. Министрдің есебінше, екі нұсқаның айырмасы жылына шамамен 100 миллиард теңгені құрайды. Бес жылда үнемделетін қаражат 500 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.

Қазақстан сыртқы нарықтан еурооблигациялар шығару арқылы да қаржы тартады. Такиев 2015 жылы мұндай қарыздың жылдық мөлшерлемесі 5,5 пайыз болғанын, ал өткен жылы 4,4 пайызды құрағанын айтты. Оның бағалауынша, мөлшерлемелер арасындағы айырма жылына 60 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мемлекеттік борышқа қызмет көрсету үшін 2027 жылы 3,5 триллион теңге қарастыру жоспарланған. Бұл — бюджет шығыстарының шамамен 12 пайызы.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар