Көкшетауда сот қызметкері қайтыс болды: бір жарым ай бұрын әріптесі де көз жұмған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:33
- 38
Полицияның алдын ала болжамы бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Марқұм, 33 жастағы Ақан Дайыркен сот әкімшілігі Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы болыпты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бейресми деректер бойынша, 30 қазанда түскі ас ішуге кетіп, қайта оралмаған. Кешке оны іздеген әріптесі Сарыарқа шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен мәйітін тапқан. Бірақ нақты өз үйінің әлде көрші үйдің жертөлесі екені жайында ресми ақпарат жоқ. Ол асылған күйде табылған. Марқұм 1,5 ай бұрын өзіне қол жұмсаған Көкшетау соты әкімшілігінің басшысы 27 жастағы Аян Дүйсековтің досы екен. Аянның мәйітін сол кезде алғашқылардың бірі болып әйелі мен досы Ақан тапқан. Полиция қылмыстық іс қозғады. Ал екі бірдей қызметкерінен айырылған облыстық сот басшылығы әлі күнге дейін сұхбат бермеді.
«Департаменттің бас маманы Дайыркен Ақан Қайыркенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Департамент тарапынан тергеуге қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынуда жәрдем көрсетілетін болады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы туралы түпкілікті тұжырымдарды тек тергеу нәтижелері бойынша ғана жасауға болады», - дейді Сот әкімшілігінің Ақмола облысы бойынша департаменті.



