Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алаяқтық, «жалған компаниялар» және сыбайласының кінәсін мойындауы – Боқаевқа қатысты кезекті сот отырысы басталды

Алаяқтық, «жалған компаниялар» және сыбайласының кінәсін мойындауы – Боқаевқа қатысты кезекті сот отырысы басталды
Сурет: ашық дереккөздерден
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадиар Қалменовке және жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.

Боқаевқа алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық жасау, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған. Қалменов алаяқтық және қылмыстық кірістерді заңдастыру, ал Нүсіпқожа қалған үш эпизод бойынша айыпталып отыр.

Қазіргі уақытта автошеру ұйымдастыруға арналған келісімшарттардың жасалу мән-жайларына, мердігер компаниялардың таңдалуына және осы мақсаттарға кәсіподақ қаражатынан бөлінген ақшаның кейінгі қозғалысына қатысты алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру деректері бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.

Еске салсақ, алдыңғы сот отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ департаментінің бас менеджері әрі кәсіподақтың тексеру комиссиясының мүшесі Медетбек Әбдіқалықов аудит барысында анықталған «BM Trust» және «We Can» компанияларымен жасалған күмәнді келісімшарттар туралы айтып берген еді.

Оның сөзінше, бәсекелестік ортаға қарамастан, келісімшарттар бір ғана компаниялармен қайта-қайта жасалған. Сонымен қатар сметаларда көрсетілген қызмет құнын негізсіз көтеру белгілері анықталған. Ал мердігерлер Боқаевтың тарапынан ұсынылып, өзге компаниялар, яғни балама нұсқалар еш қарастырылмаған.

Сондай-ақ, куәгер жымқыру белгілерін анықтағаннан кейін заңбұзушылықтарды жасыруды мүлде ойламағанын, блогер екен деп Боқаевтан мүлде қауіптенпегенін атап өтті. Заңға қайшы деректер анықталған соң күмәнді келісімшарттарға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Бұдан бөлек, ревизордың пікірінше, имидждік іс-шараларды қаржыландыру «ҚазТрансГаз» АҚ-ның жарғылық міндеттеріне кірмеген.

Тағы бір куәгер – «BM Trust» ЖШС-ның негізін қалаушы Жанболат Маратов бастапқыда компания катамарандарды жалға берумен айналысқанын және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға еш қатысы болмағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2017 жылы Боқаев фирманы өзінің жиені Мадиар Қалменовтің атына қайта рәсімдеуді ұсынған. Кейіннен компания «ҚазТрансГаз» үшін түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған мердігерлік тапсырыстарды ала бастаған.

Бұл ретте, Маратов мердігерлермен жасалған келісімшарттардың барлығына Боқаевтың кабинетінде қол қойылғанын алға тартқан болатын.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар