Астанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы қорытындыланды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:03
- 449
Астанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанаты өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында екі ел өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылып, ұлттық мәдениет пен өнерді танытатын көрме ұсынылды.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Қытайдың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Арман Қырықбаев өз сөзінде мәдени байланыстар халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды құралы екенін атап өтті. Ал Қытай тарапы мәдениет, туризм, жастар саясаты, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
Мәдениет тоғыспалы жылы аясында Қазақстан мен Қытайда 40-қа жуық мәдени іс-шара өткізілді. Олардың қатарында көрмелер, концерттер, Ұлттық домбыра күні мен Абай күніне арналған бағдарламалар бар.
Жабылу салтанатындағы концертте Медет Шотабаев, Рухия Байдүкенова, «Бірлік» би ансамблі, Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі және Қытай өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай композиторы Сянь Синхайдың достығына арналған хореографиялық қойылым ұсынылды.
Айта кетейік, мәдениет тоғыспалы жылы 2026 жылғы 31 наурызда Бейжіңде өткен гала-концертпен ашылған болатын. Жыл соңына дейін Астанада Қытай мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр.


