Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Биліктің жаңа құрылымындағы мәслихаттар: өкілеттік пен ресурс артып, халық алдындағы жауапкершілік күшейеді

Биліктің жаңа құрылымындағы мәслихаттар: өкілеттік пен ресурс артып, халық алдындағы жауапкершілік күшейеді
2026 жылғы 25 қарашада Қоғамдық саясат институты «Әділет» партиясының алаңында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысын өткізді. Жиын «Сайлау–2026: биліктің жаңа құрылымындағы мәслихаттар» тақырыбына арналды.

Кездесуге сарапшылар, Құрылтай депутаттары, мәслихат мүшелері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар алдағы мәслихат сайлауына орай жергілікті өкілді органдардың қоғамдағы орны мен алдағы міндеттерін талқылады.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – мәслихаттардың рөлінің өзгеруі. Яғни, енді мәслихаттар халықтың мүддесін білдірумен қатар, өңірлерді басқару ісіне араласып, бюджет қаражатының қалай жұмсалатынын бақылап, тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге атсалысуы керек. 

Кездесуді Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Айдос Сарым жүргізді. Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Марат Шибутов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина, саясаттанушы, тәуелсіз шолушы Талғат Қалиев сөз сөйледі. 

​Отырысқа Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ), «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-ның, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының, Мемлекет тарихы институтының, Парламентаризм институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының өкілдері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінің оқытушылары, саяси шолушылар және Астана қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттар болды.

Өкілді билікті жаңартудың соңғы кезеңі

Жиынды ашқан «Әділет» фракциясының өкілі, Құрылтай депутаты Айдос Сарым мәслихаттардың жаңа кезеңде қандай міндеттер атқаратынына назар аударуды ұсынды. Оның айтуынша, мәслихаттардың атқаратын қызметі айтарлықтай кеңейген.

«Мәслихаттар – өңірлік және жергілікті деңгейдегі орган. Болашақ депутаттар ең алдымен жергілікті күн тәртібін, нақты елді мекендегі, аудандағы, облыс пен қаладағы ахуалды ескеруі керек», - деді Айдос Сарым.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшінеенді. Ауқымды реформалар аясында биыл жаңа Конституция бойынша референдум мен Құрылтай депутаттарыныңсайлауы да өткізілді. 23 тамыздағы дауыс беру қорытындысыбойынша бір палаталы парламент құрамына 145 депутат сайланды. Мәслихат сайлауы жергілікті деңгейдегі өкілдіоргандар жүйесін жаңарту ісінің соңғы кезеңі болмақ.

Құрылтай депутаты Марат Шибутов бұл сайлаудыңерекшелігіне тоқталып, «Бұл – жаңа Конституция бойынша өтетін мәслихаттардың алғашқы сайлауы», -деп атап өтті.

2026 жылғы 12 қазанда Мемлекет басшысы барлықдеңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрынтоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлаукомиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі.

Бұл жолы барлығы 3 447 депутат сайланады. Атап айтқанда, 20 облыстық мәслихатқа – 668, 38 қалалықмәслихатқа – 626, 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат.

Өкілеттік пен ресурстар артады

«Әділет» фракциясынан Құрылтай депутаты Марат Шибутов жергілікті өкілді органдардың мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейгеніне назар аударды.

Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, жергілікті бюджеттердің кірісі 2019 жылғы 6 039 951 теңгеден 2025 жылы 17 039 799 теңгеге дейін өскен. Бұл – 2,82 есе өсім. Ал бюджет шығыстары 5 950 203 теңгеден 16 743 019 теңгеге дейін жетіп, 2,81 есе артқан.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдаймен салыстырғанда, барлық мәслихаттың құзыретіне 13 жаңа өкілеттік қосылды. Бұдан бөлек, жаңа өкілеттіктер Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына – 4, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына – 3, облыстық мәслихаттарға – 1, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына – 4 өкілеттік бойынша берілді.

Спикердің айтуынша, заңда белгіленген мәслихат құзыреттерінің саны 18-ден 31-ге дейін өскен.

«Мәслихаттардың құзыреті артып келеді. Бұл әрбір депутаттың және мәслихаттардың өкілеттігі едәуір кеңейгенін білдіреді. Мәслихат депутаттары саяси тұрғыдан әлдеқайда маңызды тұлғаларға айналып келеді»,- деп атап өтті Марат Шибутов.

Жергілікті өзін-өзі басқару – қоғамдық сенімнің негізі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина жергілікті өзін-өзі басқарудың демократиялық институттарды дамытудағы рөліне тоқталды.

Мысал ретінде ол 2024 жылы 30 елде жүргізілген халықаралық сауалнаманың нәтижелерін келтірді. Зерттеу қорытындысы бойынша, жергілікті қауымдастықтарға деген сенім деңгейі – 49 пайыз, ал ұлттық институттарға деген сенім – 40 пайыз болған.

Оның пікірінше, мәслихаттармен қатар қоғамдық кеңестер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік органдар да жергілікті институттарды дамытуда маңызды рөл атқарады.

«Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы елдегі кез келген саяси үдерістің дамуы үшін өте маңызды», - деп атап өтті Индира Рыстина.

Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын депутаттық бақылау

Саясаттанушы Талғат Қалиев мәслихаттардың өңірлік көшбасшыларды қалыптастыратын алаң ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мәслихат депутаттары сайлаушылармен тығыз байланыста жұмыс істейді және өздері өкілдік ететін аумақтың мәселелерін жақсы біледі.

Спикер келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде басталатын «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударды. Оның аясында көптеген инфрақұрылымдық нысан салынады.

«Олардың сапасын кім бақылайды, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын кім қадағалайды?» - деді Талғат Қалиев.

Сондай-ақ ол партияларды мәслихат депутаттарымен жұмысты жандандыруға, жас саясаткерлерге арналған мектептер құруға және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға шақырды.

Депутаттық сауалдан нақты нәтижеге дейін

Ашық пікірталас барысында қатысушылар мәслихаттардың жұмысын жаңғырту, депутаттарды даярлау және олардың атқарушы билікпен байланысу мәселелерін талқылады.

Мәслихатта жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар «Әділет» фракциясының өкілі, Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Илья Теренченко жаңа шақырылымдағы мәслихаттар 2027 жылы жұмысын бастайтынын атап өтті. Келер жыл Жалпыұлттық құрылыс жылы болып жарияланған. Осыған байланысты ол мәслихаттарды жаңғырту жұмыстарын тоқтатпау керек екенін айтты.

«Әділет» фракциясының атынан Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті билік құрылымын жан-жақты талдауды және саяси партияларға осы бағытта нақты бағдар беруді ұсынды.

29 қарашада әр сайлаушының дауысы алдағы бес жылда өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайтын органның құрамын анықтайды.

Анықтама

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл жолы барлық деңгейдегі 228 мәслихаттың депутаттары сайланады. Сайлауға қатысу үшін 11 мыңға жуық кандидат тіркелген. Жеті саяси партияның барлығы сайлауға қатысады.

Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалғаны бірмандаттық округтерден сайланады. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандаттық округтер бойынша сайланады.

Өз сайлау учаскеңіздің мекенжайын GOV.KZ порталынан және eGov Mobile мобильді қосымшасынан білуге болады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар