Зейнеткерді автобустан түсіріп жіберген жүргізуші қамауға алынды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 14:04
- 1
Қарағанды қаласында қарияны автобустан түсіріп жіберген жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Бұл оқиға екі күн бұрын "Шығыс базары" маңайында болған. №45 автобус жүргізушісі егде жастағы жолаушыға дөрекі сөйлеп, автобустан түсуді талап еткен. Осыдан кейін жолаушыға тиесілі көкөністер мен жемістер салынған жәшіктер мен сөмкелерді күштеп жолдың жүріс бөлігіне шығарып тастаған.
Соның салдарынан азық-түлік өнімдері жолға шашылып, кейбірі көлік құралдарының доңғалақтарының астында қалған.
Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке басқа жолаушылардың наразылығына байланысты барғанын түсіндірді. Ал судья құқық бұзушылықтың кәсіби міндеттерін атқару кезінде жасалғанын, бұл қызмет мінез-құлық мәдениетінің жоғары деңгейін және жолаушыларға, әсіресе егде жастағы адамдарға құрметпен қарауды талап етеді.
Автобус жүргізушісінің әрекеті ұсақ бұзақылық деп танылды. Оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға шешім шығарылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.



