Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мәулен Алғазы: Қылмыскерлер қазақ деп мүләйімсуге қарсымын

Мәулен Алғазы: Қылмыскерлер қазақ деп мүләйімсуге қарсымын
ашық дереккөз
Қоғам белсендісі Қазақстанда мәселе шешілуі үшін танымал адамдардың өлуі тиіс екенін айтып ашынды.
«Қайырымды жандар» тобының жетекшісі Мәулен Алғазы Қазақстанда тиісті органдардың тек танымал адамдар кісі қолынан өлгенде өре түрегелетінін айтып ашынды, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі. «Әуелі дүйім оқырманға Денистің қазасына орай көңіл айтып, сөзімді былай жалғаймын: Біздің елде танымал адамдар немесе олардың ет жақындары көз жұмбай, көп тірлік шешілмейтін боп бара жатқандай елестейді. Өткенде Олжас Сүлейменовтің немересін көлік қағып кетті деп жұрт өре түрегеліп, БАҚ бақыртып басып жатты. Кеше кісі қолынан жараланып, Денис Тен қайтыс болды. Бүкіл жұрт қайғыруда. Жұртпен бірге өре түрегеліп, бас прокурор да осы істі қолға алыпты. Қысқасы - Кайрат Кожамжаров взял на личный контроль дело об убийстве фигуриста Дениса Тена - дейді интернет. Енді біз түсінбейтін мәселе - неге прокурор осылай қанды қолдан қаза тапқан әр азаматты личный контроліне алмайды? Күніне бірнеше Денис осылай қаза тауып жатыр емес пе?! Күніне бірнеше Сүлейменовті көлік қағып жатыр. Танымалдарға қатысты оқиғада қылмыскерлер де тез арада табыла кетеді. Қарапайым жұрттың өлімі жұмбақ боп жабыла береді. Сонда проблемалар тезірек шешілу үшін атақтылардың тезірек көз жұмуын күтеміз бе?» - деп ашынды Мәулен Алғазы. Десе де, ол бұл жазбаны танымалдардың әруағына тіл тигізу үшін немесе қарапайым халықты жұлдыздармен салыстыру үшін жазбағанын жеткізді. «Бұл жерде Ескендір Сүлейменов немесе Денис Теннің әруағына тіл тигізуден аулақпын. Жандары жәннаттың төрінен орын алса екен! Сосын, өлтіргендер қазақ екен, қазақ десең өзіңе тиеді деп мүләйімсіп жерге қарауға қарсымын. Өйткені олар «Мен қазақпын» деп кеудесін қағып, мақтанышпен немесе ұлтараздық өшпенділікпен өлтірген жоқ. Надандықпен, айуандықпен өлтірді. Жақсылықтың ұлт таңдамайтыны сияқты. Айуандық та ұлт таңдамайды», - деді Мәулен Алғазы. Автор: Kyn.kz
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар