"Өмір көпірі" акциясы өз жалғасын табуда.
Ұлыбритания тұрғыны Пейлж Хантер 40-қа жуық әсерлі мәтіні бар жазбаларды жазып, адамдар жиі өзін-өзі өлтіретін көпір бойына жабыстырады. Chronicle Live баспасының жазуынша, осы әрекетімен Пейдж алты адамды өлімнен құтқарып қалды.
16 жасар қыз әсерлі сөздер жазылған жазбаларды Сандерланд қаласының Уирмут көпіріне іліп кеткен. Онда ол өзін-өзі өлтірмекші болған жандарға қажетті деген сөздерді: «Сен жалғыз емессің», «Бәрі қиын болғанымен, сенің өмірің маңызды» жазған.
Қыздың игі бастамасын қолдаған жергілікті полиция бөлімі оған алғыс хат беріп, бұл әрекеті арқылы кем дегенде алты адамның өмірін құтқарып қалғанын айтты.
«Отбасым мені мақтан тұтады. Алғыс хатты үйімде іліп қоймақпын. Негізінде мен адамдарға тек көмектескім келді», - деді Пейдж журналистерге берген сұхбатында.
Ол сонымен қатар, әлеуметтік желілерде қолдау тауып, оқырмандардың алғысына бөленгенін айтып өтті. Қыздың айтуынша, өлім алдында тұрған адамдарға кейде осындай қарапайым сөздердің жетіспеуі мүмкін. Оқи отырыңыз: Оңтүстік Корея елі әлемдегі өзін-өзі өлтіруші адамдар саны бойынша алғашқы 20 елдің қатарында. Көбісі Сеулдегі Хан өзені бойындағы көпірлерден секіріп, жан тапсырады. Соның салдарынан, Маро көпірі ел ішінде «Өлім көпірі» атанды. Қала әкімдігі Cheil Worldwide және Samsung Life Insurance компанияларымен бірігіп, көпірді өзгертпек болды. Бірақ, сүйеніштерді қоюдың орнына психолог мамандармен бірлесе отырып, «Өлім көпірін» «Өмір көпіріне» айналдырды.
Көпір бойына адам ойына бақыт, үміт ұялататын сөздер жазып, көңіл-күй сыйлайтын әсерлі фотосуреттер жабыстырылды. Онда «Мен сені жақсы көремін», «Біз біргеміз», «Сенің әке болғың келмей ме?», «Ертең тағы да таң атады» сынды сөйлемдерді оқуға болады. Мұндай әлеуметтік эксперимент іске асып, көпір бойындағы өзін-өзі өлтірушілер саны 77%-ға төмендеген. Бүгінде «Өмір көпірі» туристердің сүйікті орындарының біріне айналған.