Басты жаңалықтар
"Канелоның" командасы Головкинмен кездесуден бас тартты
- автор kyn.kz
- 30 мамыр, 2018
- 310
"Канелоның" командасы Головкинмен кездесуден бас тартты
Эрик Гомес Головкинмен реванш өткізуге қарсы болмағанын, бірақ қазақстандық соңғы сәтте жөнсіз талаптары барын айтты деп айыптады.
"Golden Boy Promotions" промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес ESPN Deportes-ке берген сұқбатында 15 қыркүйек күні "Канеломен" кездесетін жаңа қарсылас қарастырып жатқанын ресми түрде мәлімдеді,- деп хабарлайды prosports.kz-ке сілтеме жасаған KYN.KZ.
Гоместің бұл мәлімдемесі команданың Геннадий Головкинмен кездесуден бас тартқандарын білдіреді. Өткен жылы қыркүйекте өткен кездесуде тең түскен қос боксшы биыл тура сол уақытта қайта жолығып, нағыз мықтыны анықтамақ болған. Дегенмен жүздесу жақындағанда гонорар мөлшері қарсы тараптың көңілінен шықпай тұрған сияқты.
Сауль Альварестің (49-1-2, 34 КО) командасы қазақстандықпен өтетін қарымта матчтан түскен табыстың 65%-ын өзіміз аламыз деп отыр. Ал отандасымыздың командасы табысты теңдей бөлсек деген талаптарын қойды. Осы мәселеге келгенде қос тараптың жолы екіге айырылды.
Эрик Гомес енді орта салмақтағы WBO белбеуінің иегері британдық Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО), орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы америкалық Дэниэл Джейкобс (34-2, 29 KO), орта салмақтағы WBC белбеуінің уақытша чемпионы америкалық Джермалл Чарло (27-0, 21 KO) немесе ирландиялық Гэри О'Салливан (28-2, 20 KO) және канадалық Давид Лемье (39-4, 33 KO) қатарлы боксшылармен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.
Ол тағы Головкинмен реванш өткізуге қарсы болмағандарын, бірақ қазақстандықтың соңғы сәтте жөнсіз талап қойғанын жеткізді. Әрі GGG өзіне ұнаса, бар болғаны 12 жекпе-жек өткізген, әлі ешкім танымайтын Сергей Деревьянченкомен (міндетті қарсыласы) жұдырықтасып жүре берсін деп мысқылдап та қалды.