Басты жаңалықтар
Жамбыл облысында тұрғындар қару құшақтап жатуға мәжбүр
- автор kyn.kz
- 3 тамыз, 2018
- 263
Жамбыл облысындағы Қордайда үйге шабуыл жасап, адамдарды өлімші етіп сабап, тонап кететіндер пайда болған.
КТК арнасының мәліметіне сәйкес.
Жұрттың айтуынша, екі аптада 10 үй тоналған. Алайда әлі күнге бірде бір қылмыс ашылмаған. Бұған ашынған бұқара бүгін ішкі істер бөлімінің алдына жиылып, ұрыларды ұстауды талап етті.
Ең бірінші қарақшылық дерегі 20-шы шілдеде тіркелген. Бетперде киген екі ұры ерлі-зайыпты зейнеткердің үйіне түскен. Екі кеште баспанаға баса –көктеп кірген бұзақылар екеуінің қол-аяғын матап, аяусыз азаптаған. Ақша мен бағалы заттарды беруін талап етіп, әбден тепкілепті. Қарттардың көрер жарығы бар екен. Олардың жанұшыра шыққан дауысын естіген көршісі дер кезінде келіп, араша түсіпті.
"Мен келгенде зейнеткер әйел дәл осы жерде қансырап жатты. Қаскөйлер мені көре сала маған қарай жүгірді. Біреуі қолындағы шоқпармен төпелей бастады. Қолымды тосып қорғандым. Сол сәтте ұрылар кері шегініп, қашып кетті", - дейді Алексей Спирякин.
Дегенмен қарақшылар олжасыз емес, зейнеткерлердің 500 еуросы мен 100 мың теңгесін алып кеткен.Ал қариялардың өздері ауыр жарақат алған. Қабырғасы сынып, тістері түгел қағылған 68 жастағы Владимир Бойконың хәлі тіптен мүшкіл. Қазір әйелі Лидия екеуі Бішкектегі ауруханаға жатқызылған. Бұдан кейін ұрылар шабуылды тіптен үдеткен. Бас –аяғы 15 күнде онға жуық баспанаға түсіп, құнды заттарын түгел тонап кеткен.
Тұрғындар тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне наразы. Айтуларынша қазір елді-мекенде жағдай ушыққан. Сондықтан қаскөйлер қолға түскенше ауылда коменданттық сағат жариялауды талап етуде.
Келесі мақала