Басты жаңалықтар
Не деген ұятсыз адамсыздар: Талдықорғандық шенеунік көмек сұраған тұрғындарды ұрсып тастады
- автор kyn.kz
- 25 қыркүйек, 2018
- 209
10 жыл бойы цивилизациядан алшақ қалған тұрғындар әкімшіліктің құрғақ уәдесіне әбден аузы күйіп, оларды сотқа берейін деп жатыр
Ынтымақ ауылының тұрғындары 10 жыл қатарынан әкімдіктің құрғақ уәдесіне тойып келеді. Олардың айтуынша, шенеуніктер тұрғын үйлерге электр энергиясы мен су құбырларын орнатуды, жолдың жағдайын қалыпқа келтіріп, жолаушыларды тасу мәселесін қарастыруға уәде бергендері қашан.
Алайда бұл уәделер тек сөз жүзінде қалған. Аулы тұрғындарының сөзінше, осы уақытқа дейін көлік пен жол, жарық пен су мәселесі шешілмеген.
Ауылда, тіпті, көшелердің де аты жоқ. Ал үйлерге нөмірлер де тіркелмеген. Халық "Жедел жәрдемді" тас жолдың бойында күтіп алады. Қалаға бару үшін тұрғындар ең жақын аялдамаға үш шақырым жүруге мәжбүр.
Халықтың осы мәселеге қатысты арызын Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев тыңдады.
Ол бұл істер жақын арада орындалатынын жеткізді. Одан бөлек шенеунік халықтың билік өкілдерін неліктен түсінбейтінін айтып қынжылды.
"Не деген ұятсыз адамсыз? Мен айтып отырмын, тыңдамайсыз ба? "Қашан, қашан?" деп сұрай бересіз. Менің айтқанымды барлығы естіді ғой. Мұнда келген әр адамға жеке-жеке түсіндіруім керек пе?", - деді Көлбаев.Ынтымақ ауылының тұрғындары жыл сайын берілетін уәдеден шаршағандарын айтады. Олар енді сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.