Халық жазушысы 86 жасында өмірден өткен.
Танымал тұлғаны қай жерден ақтық сапарға шығарып салатыны жайлы ақпарат әзірге белгісіз.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған жазушы:
1956 - 60 жылы "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш"), 1960-63 жылы "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") басылымдарында тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970-72 жылы "Жазушы" баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және "Жалын" альманахының бас редакторы, 1972-75 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы, 1975-80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980- 89 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, 1989- 92 жылы "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар парламент мәжілісінің депутаты да болған.
Жазушының әр жылдары "Табылған теңіз" (1963), "Бұлтсыз күнгі найзағай" (1965), "Белгісіз солдаттың баласы" (1967), "Мылтықсыз майдан" (1969), "41-жылғы келіншек" (1972), "Ахметжанның анты" (1973), т.б. повестері, "Интернат наны" (1974) атты әңгімелері, "Қара маржан", "Қызыл жебе", "Қара алқа", "Қызыл садақ", "Ай мен Айша" атты романдары, "Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда" (К. Смайыловпен бірге) (1998), "Бір кем дүние" атты туындылары жарық көрген.
Сондай-ақ, жазушы, қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың, Э.Эрскиннің, Л.Лагиннің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Шерхан Мұртаза Қазақстандық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, Жалпыодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, "Тарлан" тәуелсіз сыйлықтарының лауреаты (2000). ҚазКСР мәдениетіне Еңбек сіңірген қызметкері. Қазақстанның Халық жазушысы (1992). Қырғыз Республикасының Халық ақыны.
Ол 1978 жылы "Қара алқа" романы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын алып, "Құрмет белгісі", "Отан" ордендерімен марапатталған (1999).