Басты жаңалықтар
Шудағы пойыз апатында екі аяғы сынған 4 баланың әкесі халықтан көмек сұрады (фото)
- автор kyn.kz
- 10 қазан, 2018
- 409
Айгүл: Мен қазір жалғыз асыраушымыздың күтушісімін. Астана суық. Тіпті көміріміз жоқ.
KYN.KZ ақпарат агенттігінің редакциясына хат жазған төрт баланың әкесі Шу маңында болған оқиғадан кейін әлі аяққа тұра алмай жатқанын түсіндірген. Әліби Байжанов құрлыс компаниясында механик болып істеп төрт баланың ас-ауқаты мен керегін тауып жүрген. Жұбайы Айгүл үйде төрт баланың тәрбиесімен айналысқан. Себебі төртінші баланың өзі екі жастан енді асыпты. Ал үйдің үлкені 6-сынып оқиды екен.
"Мен қазір күйеуіммен қосқанда 5 баланың анасымын. Балалардың үлкендері сабаққа барады. Отағасы дертімен алысып үйде. Сонда біздің отбасымызда ешқандай табысымыз жоқ. Басымызда несиеміз бар. Осы жағдай болғаннан кейін ҚТЖ 1 миллион теңге берді. Оны несиеміздің өсімін төлеп, балаларды сабаққа дайындадық. Ал қазір күн суып бастады бізде тіпті үйге жағатын көмір де жоқ. суықта жас баламен науқас күйеуіме беретін тамағым да жоқ. Оны айтуға несіне ұяламын?. Әркімнің де басына түсіп қалуы мүмкін жағдай. Біз өз күнімізді көріп жүрген қарапайым отбасы едік. Сол бір жол апатынан кейін, жағдайымыз күн санап қиындап барады.
Қазір мен тамақ беріп көмектесем дегендердің де қолын қайтармаймын. Себебі, балаларым үшін аламын. Күйеуім толық аяққа тұрып, табыс тапқанға дейін несиеміз өсіп, балалар аш отырғалы жатыр. Маған заңдық тұрғыдан де көмек керек.",-дейді Айгүл Кәрімова.
Ал төменде Әліби Байжановтың редакциямызға жазған хатын толықтай жарияладық. Көмек қолын созам деушілер болса Айгүл Кәрімоваға хабарласып, ас-ауқатын апарып берсе де болады.
" "Жол мұраты -жету" дегендей, Биссимилламызды айтып , қуанышты жағдайға туыстарымызбен бас қосуға шыққан едік. Жол болмады. Сол қарғыс атқыр пойызбен бірге өміріміз де төңкерілді.
Маған жанашырлық танытсын деген ойым емес, жолаушылап бара жатқан сан мыңдаған жандардың мұндай қауіп -қатерден сақ болып, аман -есен барар нүктеге жетіп, он екі мүшең сау болып отбасыңа, өз шаңырағыңа оралса екен дегенім.
Жата -жата істің түріне жетпесем де, ойдың түбін қопарудамын. Алламың қолдауымен, ағайын-туыс, жан жарымның тілеуімен қанаттары қатаймаған балапандарымның қорғаны, қамқоршысы, тірегі болып бейқам тірлігіме оралатыныма күмәнім жоқ-ау!
Тек өз құзырындағы қызметіне адал, Істеріне жауапкершілікпен қарап, адам өмірін ойыншыққа айналдырмаса игі еді. Мəн-жайды түсіндіріп айтайын.
Мен, Байжанов Әліби Махамбетияұлы 10.04.1970ж.т. Астана қаласының тұрғынымын. Жұбайым Кәрімова Айгүл Бірлікқызы 20.11.1977ж. Екеуміз 16.06.2018ж. сағат 23.55-те Астана-Алматы бағытына жүретін 9/10 пойыз, 14 вагон 42 және 45 орындарға орналастық.
17.06.2018 ж сағат 13.20 шамасында Шуға жетпей Жиделі Бирлик бекетінде пойыз апатқа ұшырап, аударылды. Апаттың кесірінен екі аяғым сынып, ауыр жарақат алдым, жұбайым жеңіл жарақаттанып, күйзеліске ұшырады.
Шу ауруханасында шұғыл екі аяғыма ота жасалды. Диагноз оң аяқ екі жерден жабық сынды, сол жақ аяқ ашық сынды. Шу ауруханасында 17.06.2018ж.- 22.06.2018ж. аралығында ем алдық.
23.06.2018ж Астана қаласында НИИ травматология бөлімінде жатып емделдім.
Отбасымда кәмелет жасқа толмаған төрт балам бар, жалғыз асыраушымын. Жұбайым маған және балаларыма қарап уйде отыр.
Қарапайым отбасымын, құрылыста сантехник болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда ай сайын табыс көзі жоқтығынан тұрмыстық жағдайым қиын болып тұр. Несиелерім уақытылы төленбей, пайызы өсіп жатыр. Күнделікті азық- түлікке, балаларға қыстық киімге, қыстық көмірге ақшасыз отырмыз.
Әлі екі аяғымды басып жүре алмаймын, жұмысқа жарамсызбын.
Бұл іске жауапты Темір жол қызметкерлері бірнеше рет үйге келіп халімді біліп шамалап азық түлік әкелді.
1 000 000 тенге өтемақы төледі, ол ақшамен несиемнің жартысын жабуға тура келді, өйткені пайыз күннен күнге өсуде және балаларға мектепке киім алды, күнделікті тамаққа кетті.
"Мұнай сақтандыру компаниясы " денсаулығыма келген зиянды өтеу үшін 260 000 теңге (емдеуге кеткен шығын) төледі. Сенсеңіздер, билет шығыны өзімізден болды, "Мұнай сақтандыру компаниясы " төлемеді.
Мен денсаулығыма келген залалға материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы өтініш жаздым. ҚР Бас көлік прокуроры аға әділет кеңесшісі М.Қ. Дүйсеновке.
Көліктегі Ішкі Істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Е.Т.Бекеновке .
Нұр Отан партиясына. "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы К.К. Алпысбаевқа. Жауап күтуден басқа амалым жоқ.
Уақыт өтіп жатыр менің жатқаныма 3 ай болды, бірақ еш басқа көмек көрсетілмеді.
Қазақстанда мұндай пойыз апаты қайталанбасын. Ешкімнің басына бермесін өз аяғыммен жүргенге не жетсін!!!",-деп жазған қос аяғын пойыз апатында сындырған Байжанов Әліби.