Басты жаңалықтар
Баласын өлімші етіп сабап, ағаш түбіне тастап кетті деген әке сотта тың дерек айтты
- автор kyn.kz
- 28 желтоқсан, 2018
- 274
Мұрат Асқар-оғлы: Полицейлер болған жағдайды бұрмалап, мені алдап әрі қинап мойныма алғызды.
Алматыда тал түбінен басы жарылған күйінде табылған баланың ісін судья қайта тергеуге жіберді, деп хабарлайды KYN.KZ ҚазАқпарат басылымына сілтеме жасай отырып.
. «Қылмыстық іс материалдарымен таныса келе тергеу жұмыстарының қылмыстық процессуалды бұзу тәртібі анықталды. Бұл олқылықтарды сот қалпына келтіре алмайды. Осыған байланысты сот істі прокурорға қайта қарауға бағыттайды», - деді судья Еркін Майшинов.
Сонымен қатар, айыпталушы Мұрат Асқароғлының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров «адам өлтіруге ұмтылды» деген айыппен келіспейтінін айтты. Ол 4 жастағы баланың психологқа берген жауабында жол апаты болу ықтималдығы жоғары екендігін айтты. «Ол өзінің сүйікті баласын басынан ұра ала ма?
Бұл - нонсенс. Мен соттан бұл іспен нақтырақ танысу үшін уақыт беруін сұрадым. Қорғауымдағы адам өзінің алдыңғы берген түсініктемесінен бас тартты. Оны мәжбүрлегені байқалып тұр: психологиялық та, физикалық та мәжбүрлеу болған. Баламен психологтың қатысуымен сөйлескенде бала «қара джип басып кетті» деп айтқан. Көкірегінде де із бар. Дене жарақаттары жол апатына келеді», - деді сотталушының адвокаты Нұрлан Өстеміров.
Одан бөлек, қорғаушы сотталушының психдиспансерде есепте тұрмайтынын айтып, алкогольді ішімдік ішпейді деген дәйек келтірді. Айта кету керек, бүгін тал түбінен басы жарылған күйінше табылған 4,5 жасар баланың әкесі Мұрат Асқароғлының ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өткен еді. Сотталушы Мұрат Асқароғлы БАҚ өкілдеріне өзінің кінәлі еместігін айтып, ар-ожданына нұқсан келтірмеуді өтінді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшесінің қиылысында орын алған болатын. Тұрғындар тал түбінен 4 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстады. Мұрат Асқароғлы өз кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған. Қалалық мамандандырылған қылмыстық сот Мұрат Асқароғлын ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен қамауға алған болатын.