Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қыста ұйқы қану үшін не істеу керек?

Қыста ұйқы қану үшін не істеу керек?
ашық дереккөз

Қыс мезгілінде жұрттың «ұйқым қанбайды» деген шағымын көп естиміз. Қанша ерте ұйқыға жатса да, адамның ұйқысы қанбайды. Мұның басты себебі – қыс маусымында ағза түннің ұзақ болуына байланысты ұйқы гормоны – мелатонинді көбірек түзеді.

Қыста белсенділік төмендеп, көңіл күй жиі өзгереді. Оған не себеп деп ойлайсыз? Жарық жетіспеушілігі. Соның әсерінен қандағы стресс гормондары – норадреналин көбейеді. Яғни бұл кезде ағзадағы биологиялық ритм өзгереді де, ол көңіл күй тұрақсыздығына ұрындырады.

Қыста күн сәулесінің аз болуы адам ағзасына кәдімгідей әсер етеді. Атап айтқанда, күн сәулесі жетіспеуінен көңіл күйді көтеріп тұратын серотонин гормоны түзілуі тежеледі.

Өзінің эмоционалдық ахуалын бақылай алатын, позитивті адамдар қысты да өз қызығымен өткізуді жақсы біледі. Ал енді психологиялық әлсіз немесе күйзеліске бейім жандар үшін бұл маусымның өзіндік қиындығы бар. Ал оған жол бермеу үшін  не істеуге болады?

Біріншіден, көңіл күйді көтеретін әрекеттер жасау керек. Жиірек жарығы мол жерде болыңыз. Әсіресе бұлтсыз күндері далада көбірек жүрген дұрыс. Тіпті болмаса күн түсіп тұрған терезе алдында отырған пайдалы.

Екіншіден, ұйқы мен демалыс уақытын оңтайландыру керек. Режим сақтаңыз. Қыста адамға жаздағыдан бір-екі сағат көбірек ұйықтаған пайдалы. Ұйқыға жатарда шайқурай мен жалбыздан әзірленген шай ішіңіз. Өйткені шайқурай табиғи антидепрессант, ал жалбыз ағзаны жайландырады. «Көздің тез ілінуі» және ұйқының тыныш болуы үшін жатарда бір ас қасық әсел қосылған жылы сүт ішуге де болады. Самайды лаванда майымен майлап қойса, көмегі зор.

Үшіншіден, адам қыста белсендірек қимылдауға тырысуы керек. Таңертеңгілік жаттығу, түскі үзіліс кезінде 15 минуттық жаяу серуен жасаған тиімді. Кешкі серуеннің де көмегі көп.

Депрессияға жиі ұрынбау үшін қысқы тамақтану режимін қалыптастырыңыз: ас құрамында ақуыздар, көмірсулар, тіпті майлар да көбірек болғаны дұрыс. Ағзаға қажетті қуат осындай азықтарды пайдалану арқылы келеді. Таңғы тамақ міндетті түрде қуатты әрі ысты, түскі тамақта сұйық тағам болғаны дұрыс. Ал кешке қуаты біршама аз тағамға тоқталыңыз.

Қысқы депрессиядан арылу үшін көңіл күйді көтеретін орындар мен іс-шараларға жиі қатысқан жақсы. Мысалы, театр немесе киноға барған, көңілді жарысқа қатысқан дұрыс.

Қалай десек те, ағзаны күйзеліске түсіру немесе қуаныш гормонын көбейту – өз қолыңызда.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар