Басты жаңалықтар
Шораев: Мәжіліс тағы да қарттар үйіне, қуыршақ театрына айналмасын десеңіздер сайлауға қатысыңыздар (видео)
- автор kyn.kz
- 20 ақпан, 2023
- 511
Шораев: Арын нанға айырбастамайтын адамдарға дауыс беру керек
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Шораев Қазақстан халқына үндеу тастап, бір мандатты округтерден сайланғалы жатқан тәуелсіз депутаттарды қолдауға, жалпы сайлауға атсалысу керектігін айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Ол өз сөзінде "депутат болсам нені өзгерткен дұрыс?" деп ізденгенін айтады. Бірақ барлық саланы жемқорлық жайлап, тоқырауда тұрғанын айтады.
"Құрметті ағайындар! Тура 1 айдан кейін біздің елімізде сайлау өтеді.
Егер сіздерге 5 минутта Астанамызды Нұр-Сұлтан деп өзгертетін мылқау депутаттар әрі қарай керек болса, 2 жылдан кейін 2-3 минутта Нұр-Сұлтанды қайтадан Астана деп өзгертетін, яғни биліктің ғана талабын орындайтын дәл сол депутаттар қажет десеңіздер, онда сайлауға қатыспаңыздар. Бірақ, осы жолы біздің елімізде ерекше сайлау болайын деп жатыр. Өйткені, 98 депутаттың 29-ы бір мандаттық округ арқылы біздің Мәжілісімізге сайланады. Ол дегеніміз "Мен" дей алатын, намысын нанға айырбастамайтын, билікке бағынбайтын азаматтар қатысады деген сөз. Алматыдан, Астанадан, Ақтөбеден, басқа да облыс орталығынан қатысып та жатыр.
Менің өтінішім, егер сіздер мылқау Парламентті қажет етпесеңіздер... Соңғы 10 жылда мен біздің Парламентімізді "Сендер қуыршақ театрсыңдар, қариялар үйісіңдер" деп талай рет сынағанмын. Шынымен дәл солай болды. Ол жерде бірде-бір азамат болған жоқ. Билікке тәуелді азаматтар отырды. Мысалы, қазір сайлауалды бағдарламаны жазайын десем. Шынымен біздің елімізде сау жер жоқ. Бүкіл жүйе, бүкіл салада өзгеріс қажет.
Ол өзгерісті тәуелсіз депутаттар арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Оны ұмытпаңыздар. Құрметті ағайын! "Мен бармаймын. Билік өзінікін істейді. Менің даусымды ұрлап алады. Барғаным не, бармағаным не... Ештеңе өзгермейді" деп ойлай берсеңіздер, шынымен ештеңе өзгермейді. Сондықтан 5 жылда 1 рет қана болатын мүмкіншілікті пайдаланыңыздар",- деді Шораев.