Басты жаңалықтар
Алматы облысында мыңнан аса үй көшкін лайының астында қалуы мүмкін
- автор kyn.kz
- 28 ақпан, 2023
- 255
Алматы облысында мыңнан аса үй топырақ астында қалуы мүмкін. Өйткені Бесағаш ауыл әкімдігінің мәліметінше, осыншама баспана кезінде тау-тастың басына рұқсатсыз тұрғызылған. Ал кеше топырақ көшкінінен екі үйге зақым келген. Баспана иелері қазір туыстарын жағалап жүр, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Бурабай коттедж қалашығы. Мұндағы үйлердің кейбірі жардың үстінде, енді бірі жан-жағында жапсарлас тұрғызылған. Күні кеше дәл осы жар құлап, екі үйді топырақ басып қалған.
"25 ақпаннан 26 ақпанға дейін жаңбыр мен қардың түсіп, батпақ болған. Ақыры қоршалған бетон тіреу қабырғасымен құлаған. Баянауыл көшесіндегі екі жеке тұрғын үйге тау беткейінен топырақ құйылған",-деді Алматы облысы ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының аға инженері Ерназар Қырғыз.
Төбеден сырғыған топырақтан бірінші үйдің терезесі сынып, қабырғаларында жарық пайда болған. Екінші баспананың қазандығын басып қалыпты. Түскен батпақ көлемі 360 текше метр. Жергілікті тұрғындар апаттан кейін үреймен отырғанын айтады.
"Дүрс еткен дауыс естідік. Күйеуім сыртқа жүгіріп шығып, топырақ түскен үйлерге көмектесуге ұмтылды. Топырақ бір үйдің қазандығын басып қалған. Жарылыстың алдын алу үшін күйеуім газды жапты. Кейін су басып қалмас үшін құбырларды да жапты. Қазір тағы құлап кете ме деп қорқып отырмыз. Өйткені Алматының өзі де сейсмикасы қауіпті аймақта орналасқан",- деді Бесағаш ауылының тұрғыны Эльмира Қашкеева.
Қауіп барын ауыл әкімі де жасырмады. Жалғыз осы 300-ден астам отбасы тұратын котедж қалашығында ғана емес, Бесағаш ауыл округіндегі мыңнан аса үйді топырақ басып қалуы мүмкін деп отыр. Әкім бұл баспаналардың рұқсатсыз тұрғызылғанын айтады. Ал құжаттарды кім бергенін білмейді.
Ернар Жүнісов, Бесағаш ауыл округінің әкімі:
- Неігізі рұқсат жоқ. Тауды кешеуге болмайды. Бұл енді тас тау емес. Грузиядағыдай сары топырақ. Су тигеннен кейін сағыз болады.
Журналист:
- Бірақ үй иелері айтып отыр ғой бүкіл рұқсат қағаздарымыз бар деп. Бізге заңды түрде берді дейді.
Әкімнің сөзінше, мамандар жарды талапқа сай қылып тегістеп, кейін шашылып жатқан топырақты ретке келтіреді. Бірақ ол жұмыс қашан басталатыны белгісіз. Қазір топырақ басып қалған екі үйдің тұрғындары туысқандарын жағалап жүр.