Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті
ашық дереккөз
Форум ауқымды жобаға қатысушыларды, жастарды, ірі шаруашылықтар, мемлекеттік органдардың басшыларын, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдерін, барлығы 1000 адамның басын қосты.  Облыс әкімі Ералы Тоғжанов форумға қатысушыларды құттықтап,  Ақтөбе облысының Қазақстанда алғаш болып іске асырған бұл жобасы ауылдың дамуына, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, өңір тұрғындарының жұмыс орындары мен табыстарын ұлғайтуға ықпал ете отырып, ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын атап өтті.  width= Өңір басшысы «Ауыл аманатына» үлкен үміт артып, жоба халықтың ауылдардан қалаға үдере көшуі сияқты күрделі мәселені шешеді деп есептейді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жарлығында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аудара отырып, ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Біздің өңір халқының 25,5%-ы немесе 236 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы 4 жылда ауыл халқының саны 7,1%-ға азайып, 18 мың адамды құрады. Көші-қон ағымында еңбекке қабілетті жастардың үлесі басым. Осы себепті біз ауылдық елдімекендерді дамытудағы практикалық іс-қимылдарға көшуіміз керек.  Былтыр елімізде алғаш рет «Ауыл аманаты» жобасы  Ақтөбе облысында бастау алды. Біз ауылдың мәселелерін шешпей, қала мәселелерін шеше алмаймыз», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет өңірдің барлық 134 ауылдық округіне скрининг жүргізілді, әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді, жұмыссыз адамдардың, АӘК алушылардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімдері жасалды. Халықтың бұл санаттары ерекше назар аударады.  width= «Ауыл аманатын» іске асыру арқылы жобаға қатысатын ауылдардағы жұмыссыздық деңгейін 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды 49,3%-ға төмендетеді. Отбасының орташа табысы 2 есе артады. Бұдан өзге, әрбір отбасының табысының орташа мөлшерін, ауылдың экономикалық әлеуеті мен нақты мүмкіндіктерін, оның ішінде жер ресурстарын, жем-шөп пен су қорларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Халық тұтынатын 65 негізгі азық-түліктің ішінен облыс өзін тек 7 түрімен, 45 түрі ішінара 1%-дан 69%-ға дейін толық қамтамасыз етеді. Сонымен, құс етінің 95%-ға жуығы шетелден және басқа аймақтардан жеткізіледі, ал ішкі нарықты жергілікті көкөністермен қамтамасыз ету де 40%-ға жетпейді. Жоба өз тауарларымен қамту деңгейін арттыруға бағытталған.  Қаржылық несиелендірумен қатар, ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен тауарлық несиелеу тетігі аясында ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарлануда. 28 шаруа қожалығы 70 отбасына 165,6 млн. теңге сомаға 865 бас мал берді.  Бүгінгі форумның қорытындысы бойынша 33 отбасы 75,8 млн.теңге сомасына 533 бас мал алады.   Сонымен қатар, өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Аймақ басшылығы цифрлық даму министрлігімен 67 ауылды кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде облыстың ауыл халқының 98,5%-ы сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.  «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы аясында тұрғылықты жеріне қарамастан балалардың тең білім алуына жағдайлар жасалған. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданды. Ералы Тоғжанов аға буын, бизнес өкілдерін ауылдың дамуы мен абаттандырылуына тиімділігі жоғары жобаларға белсенді қатысуға және қолдауға шақырды.  ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өз баяндамасында «Ауыл аманаты» жобасының республикалық деңгейде іске асырылу барысы туралы айтты.  Ол ақтөбелік жобаның қатысушыларына сәттілік тілеп, Ақтөбе облысының тауарлық несиелер беру тәжірибесі Қазақстан аумағын қамтитынын алға тартты.  Өңірлік жобаға қатысушыларға алғашқы кеңес беруден бастап өнімді өткізуді ұйымдастыруға дейін олардың құзыретін арттыру үшін кәсіпкерлер палатасы жанынан «QAZYNA» пилоттық оқыту жобасы басталды. Ауылда шағын жобаларды іске асыратын және өз білімдерімен бөлісуге дайын белсенді, табысты кәсіпкерлер пулы қалыптасты. «Мемлекет басшысының ауылдардың әл-ауқатын арттыру туралы Жарлығын жүзеге асыру аясында «Ауыл аманаты» жобасын бастауды ауыл тұрғындары оң қабылдады. Алғыс айту күні қарсаңында барлық ақтөбеліктердің атынан Президентке ауылдың мәселелеріне  қамқорлық пен көңіл бөлгені үшін алғыс білдіремін. Өкінішке орай, қалада тапқан қаражаты жетіспейтін жастарды жиі көремін. Олар ауылдарға оралып, «Ауыл аманатына» қатысуы керек деп санаймын. Шынында да, бұл – олардың материалдық жағдайын жақсартуға, табысын арттыруға тамаша мүмкіндік», - деді ақсақал Келдібай Еспағамбетов облыс тұрғындарына. «Форум аясында біз тәжірибе алмасып қана қоймай, әлеуетті қатысушыларға жобаның нақты тетігін, іс-қимыл алгоритмін тағы да түсіндірдік. Форум жұмысын қорытындылай келе, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларды одан әрі ынталандыратын жаңа кіші жобалар туралы жариялағым келеді, оларды бүгін бастауға рұқсат беремін!»,- деді облыс әкімі. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы «Үздік аула», «Үздік жеке қосалқы шаруашылық», «Үздік ауыл әкімі», «Үздік ауылдық кооператив» және т. б. 14 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайтын байқау жарияланды.   Форум соңында өңір басшысы кәсіпкерлермен меморандумдарға қол қойды. Кәсіпкерлер жалпы құны 1,7 млрд млрд.теңге сомасына «Абаттандырылған ауыл» жобасын іске асыруға үлес қосуға ниетті.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар