Басты жаңалықтар
Жиырма жылдан бері көлік жөндеумен айналысатын түркістандық әйел ерекше жұмысы жайлы айтты
- автор kyn.kz
- 12 наурыз, 2023
- 403
Айзада Мейірбанова бұл жұмысты 23 жасында бастаған
Бүгінде "Техниканың тілін меңгеріп, көлік жөндеу – тек ер-азаматтардың қолынан келетін іс" деген ойдың қате пікір екенін дәлелдеп жүрген әйелдер аз емес. Солардың бірі - Түркістан қаласының тұрғыны Айзада Мейірбанова. Айзада жиырма жылдан бері көлік жөндеумен айналысады, деп жазады Түркістан басылымы.
Басылымның жазуынша, Айзада алғашында тігіншілікпен, саудамен айналысқан. Алайда бұл жұмыстардың қиюын келтіре алмапты. Сөйтіп, техникаға ебі болған соң көлік жөндеуді қолға алған. "Мектепте жақсы оқыдым. Бітірген соң көп жас сияқты мен де университетте білім алуды армандаған едім. Бірақ оған жағдай болмады.
Сосын тігіншіліктің оқуына түстім. Бірақ бұл жұмысты алып кете алмадым. Үйде атам, ағаларым, інім көлік жөндейтін. Солардың қасында жүріп қызығушылығым оянып, техниканың тілін үйреніп алдым. 2001 жылы "Вулканизация" ашылды. Алдымен сол жерде жұмыс істедім. Көлік жөндеуді 23 жасымда бастадым. Содан бері осы іспен айналысып келе жатырмын.
Құдайға шүкір, еш өкінбеймін. Адам жұмысын бар ынтасымен істеуі керек. Ерінбей еңбек етсең, жемісін көресің. Қабілетің мен қызығушылығың болса, кез келген істі дөңгелетіп әкетуге болады", – дейді Айзада Мейірбанова. Бүгінде Айзаданың есімі - жергілікті жүргізушілерге жақсы таныс.
Себебі көлігі бұзылып қалса, бірден Айзадаға келеді. Айзада шағын шеберханасына жергілікті жұрт қана емес, көлігін жөндетуге еліміздің әр өңірінен жүргізушілер келетінін айтады. Шебер күніне орта есеппен 5-6 көлік жөндейді.
"Басында ағам екеуміз бірге жұмыс істейтінбіз. Қазір ол кісінің денсаулығы болмаған соң көбіне өзім атқарып жүрмін. Жеңіл көліктерді, "Жигули", Lexus, Opel, Hyundai, Kia, Toyota сияқты қазір шығып жатқан жаңа машиналарды жөндейміз. Осы уақытқа дейін тұрақты клиенттеріміз пайда болды. Еліміздің әр өңірінен келіп жатады. Жолшыбай көлігі бұзылып қалғанда келетіндер бар.
Олар көбіне көлігі оталмай қалып, сүйреп әкеледі. Қолдан келген көмегімізді аянып қалмаймыз. Жұмысты бүріккіш тазалаудан бастаған едік. Алғашында шеберханада жылы еден болмаған, суық еді. Қазір техника қарыштап дамып жатқан уақыт. Әр көліктің жеке бағдарламасы, компьютері бар. Әрқайсысына арналған компьютерді сатып алғанмын. Алдымен көлікті диагностикаға түсіріп, қай жерінде ақау бар екенін анықтаймыз", – дейді ол. Айзада Мейірбанованың ендігі мақсаты – шеберханасын кеңейтіп, жанынан дөңгелек ауыстыратын орталық ашу.
Келесі мақала