Басты жаңалықтар
Бас прокуратура 5 жасар қыздың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
- автор kyn.kz
- 15 шілде, 2023
- 320
Бас прокуратура Түркістан облысындағы қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
"13 шілдеде Түркістан облысының Сарыағаш ауданында зорлықпен өлтірілген қыздың мәйіті табылғаны белгілі. Сол күні полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған аудан тұрғыны Г. ұстады. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр.
"Күдікті Г. 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталғаны анықталды. 2023 жылдың мамырында Г. алкогольдік ішімдік ішу барысында ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған. Сот Г. жәбірленушімен татуласқанын және оның бұрынғы соттылығы өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған", - деп түсіндірді Бас прокуратура.
Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы кассациялық наразылық келтірді.
"Пробациялық бақылауда болған Г. аса ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - дейді ведомство мамандары.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жеке адамға қарсы аса қауіпті қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленіп жатыр.
"Осы қылмыстар бойынша санкцияларды қайта қарау, жазаларды тағайындау және одан босату, соттылығын өтеу тәртібін, жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу шарттарын өзгерту мәселелері пысықталуда", - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы бас прокурордың жеке бақылауына алынды.