"Бір ересек пен екі бала ауруханада": Сырдария суына кеткен 11 адам бойынша тағы да жаңа деректер шықты
- автор kyn.kz
- 23 тамыз, 2023
- 14.9k
Түркістан облысында суға кеткен 11 адамның денесі түгел табылды. Құтқарушылар бүгін таңертең 12 жастағы ұлдың мәйітін өзенге түскен жерінен 15 шақырым жерден алып шықса, 10 жастағы қыздың мүрдесі 300 метр қашықтан анықталды, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Оныншысын қайықпен өзен бетін қарап жүргенде сүңгуірлер тапты. Он бірінші адамды, сүңгуірлер ағаштың бәрін қозғап, өтіп кеткеннен кейін өрт сөндірушілер аяғының ұшын байқап қалып, алып шықты",-дейді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Қазір жеткіншектердің мүрдесі сараптамаға жіберілді. 21 тамыз күні Ызакөл ауылындағы бір әулеттің 21 адамы Сырдария жағалауына демалуға шыққан. Бірақ шомылып жатқан жеткіншектердің бірі суға тұншығып, оны құтқару үшін ересектер өзенге секірген.
Олардың соңынан кішкентай балалар секіріп, жаппай суға кеткен. Осылайша демалуға шыққан әулеттің 6 - 40 жас аралығындағы 11 адамы мерт болды. Олардың сегізі – балалар. Мәйіттерді іздеуге екі күннен бері 150-ден астам құтқарушы мен еріктілер тобы жұмылдырылып, дарияның іші мен жағалауын сүзіп тапқан болатын. Судан аман шыққан тағы бір ересек пен екі балақай ауруханада жатыр. дәрігерлер олардың денсаулығына еш қауіп жоғын айтқанымен, болған жағдайдан қатты шошып қалғандарын айтуда.