Талғардағы ауруханада дәрігерді соққыға жыққандар неге мұндай әрекетке барғандарын айтты (видео)
- автор kyn.kz
- 21 қыркүйек, 2023
- 7.2k
Талғардағы ауруханада дәрігерді соққыға жыққандар неге мұндай әрекетке барғандарын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Соққы алған дәрігер мен мейіргер қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. 64 жасында қаза балған марқұмның туыстары бәріне дәрігерлерді кінәлауда. Олардың айтуынша, ем іздеп барған егде жастағы азаматқа дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілмей, дәлізде ұзақ уақыт жатып қалған. Кейін марқұмның мәйітін алуға барғанда ақша дәметті дейді ашулы ағайын-туыс.
Талғар ауданы ауруханасында болған жанжал әлеуметтік желіге тез тарады. Мәйітті алып кетуге келгендер бөгет болған қызметкерлерге күш көрсетіп, жұдырық сілтеп, біреуін тіпті сұлатып түсірген. Үш бірдей медицина қызметкерін соққыға жыққан. Одан кейін ауруханада көз жұмған туыстарының өлі денесін алып кеткен. Аурухананың күзетшілері де ашулы жігіттерден сескеніп, ештеңе жасай алмаған.
"Мәйітхнаға жылап кірді. Біз түсінеміз, ондай адамдарды. Кіргіземіз. Бірақ шыққанда қағазды қараймыз. Бесалты адам болды. Денесінен көрініп тұр, спортшы екені. Үлкен кісі. Күзетшілер зейнет жасында, күші жетпеді",-дейді Талғар ауданы ауруханасы күзет қызметінің бастығы Асхат Тағаев.
Солай күш көрсетіп мейітті алып кеткен. Соққының астында қалған үш қызметкердің бірі жеңіл жарақат болған соң үйіне жіберілген.
"Жансақтау бөлімінің дәрігері естүссіз жағдайда сол бөлімге түсті. Диагнозы бас жарақаты, тері асты гематомасы. Сол көзіне зақым тиген. Кө жанарынан контузия. Жансақтау бөлімінің мейіргері де ауыр бас жарақаты мен мұрны сынып жансақтау бөлімінде жатыр"-деді Талғар ауданы ауруханасының дәрігері Исламбек Арыстанбекұлы
Қайтыс болған Бақыт Шорманов түнгі үштерде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. "Науқасқа қажет медициналық көмекті көрсеттік, бірақ жақындары тым кеш қозғалып, ауруын асқындырған. Сондықтан екі сағаттан кейін жүрегі тоқтады" деп дәрігерлер ақталды.
"Кеш келген соң жағдайы ауыр болды. Уақтылы келген кезде көмек болуы мүмкін еді. Кеш келгеннен кейін көптеген асқыну болғаннан соң, осындай жағдай болды. Біздің тараптан қателік жоқ деп ойлаймын.Денесін алып кеткісі келді. Денесі жансақтау бөлімінде, екі сағатта қайтыс болғандықтан, міндетті түрде 102ге хабар береміз. 102-нің рұқсатынсыз біз денесін бере алмаймыз. Бірақ ол кісілер көнген жоқ.",-дейді аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Сайра Қыдықова .
Марқұмның жақындары ақ халаттыларды кінәлап отыр.
"Құсып, лоқси бастағанда апарған. Жағдайы ауырлай бастағанда апарған. Бұлар ұзақ уақыт бойы дәлізде жатқызып қойған. Апарған кезде жансақтау бөліміне жатқызып, бірінші көмек жасалмаған. Бірінші көмек жасалса, бауырымыз тірі қалып, оқыс оқиға болмас еді. Дәрігерлердің қателігі 100 пайыз бар. Медицина саласында жемқорлық жойылсын. Осындай жағдайға әкеп жатқан жемқорлық",-дейді марқұмның інісі Мұрат Шорманов.
Жанжалды мемлекеттік қызметкерлердің өзі бастағанына сенімді. Бірақ бұл сәт камераға ілікпеді деп отыр.
"Бауырларыма қоқанлоқы көрсеткен. Көкірегінен итерген. Біреуін ұрған. Ол камераға түспеген. Оны түсірмеген. Өйткені өз адамдары да. Содан кейін барып басталған. Біздікілер де жөнсіз қол көтеретіндер емес",-деді марқұмның ұлы Ақжол Бақытұлы.
Полиция қызметкерлері дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні қамауға алып, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр.
"Аталған факті ҚР ҚК 106бабының 2-бөлігі бойынша аудандық сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Талғар полиция департаментінің полицейлері 1987 жылы туған Ш. есімді азамат пен 1994 жылғы Н. есімді азаматты анықтап ұстады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде зерделеу үшін сараптама тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде",-деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Денсаулық сақтау министрлігі де бұл жағдайдан кейін үнсіз қалмады. Жауапты ведомствоның өкілдері медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдарды заң аясында жазалауды талап етуде.
"Осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес баға берілуге, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талабы бойынша жазалануға тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуыл, ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді. Денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұрады",-деді ҚР ДСМ Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әсел Артақшынова.
Бүгін 64 жасында қаза болған марқұмды жақындары жер қойнауына тапсырды. Әкесін ақтық сапарға шығарып салған ұлдары дәрігерлерді сотқа беріп соңына дейін күресеміз деді.