Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақшаның бәрін Бекболат Тілеуханға бердім деген "Kausar Travel" директорына сот үкім шығарды

Ақшаның бәрін Бекболат Тілеуханға бердім деген "Kausar Travel" директорына сот үкім шығарды
kyn.kz
Жәбірленушілер осы компанияны жарнамалаған "жұлдыздардың" барлығы жауапқа тартылсын деп отыр

Шымкентте қажылыққа апарамын деп мыңнан астам адамды сан соқтырған турфирма басшысы сотталды. «Кәусар Трэвел» компаниясының директоры Медет Мұратбайұлы алаяқ деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды,деп жазды KYN.KZ  тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Оған алдандық деп арыз жазғандардың саны 1300 адам болғанымен жәбірленуші деп 245 адам танылған. Олар туристік фирмаға 254 миллион теңге беріпті. Ал сотталушының өзі қыруар қаржыны экс-мәжілісмен Бекболат Тілеуханға бердім деп отыр.

Жәбірленушілер де осы компанияны жарнамалаған отандық өнер жұлдыздарын да тергеу керек деп талап етуде. Қасиетті Мекке мен Мәдинаға барамыз деп «Кәусар Тревел» туристік компаниясына 1300 адам ақша берген екен. Бірақ бүгінгі сотта соның 245-і жәбірленуші болып танылыпты. Қалғаны түрлі себеппен арызын қайтарып алған.

Киелі сапарға барамыз деп сан соққандардың арасында Атырау, Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары бар. Мәселен, қіші қажылық үшін төрт жыл бойы зейнетақысын жинаған 80 жастағы Алшынбай ақсақал сол күйі не сапарға шыға алмай, не ақшасын қайтара алмапты.
 

"30 мың, 40 мың, кемпірде 20 мың, сөйтіп 60-70 мың айына. Кемпір екеуіміз бара алмадық қой, қаяқтан, 2 миллион төледік. Өйткені кемпір жүре алмайды, қызым жетектеп жүрсін дедім",-дейді жәбірленуші  Алшынбай Әмитов.

Алайда бүгінгі сотта Медет Мұратбайұлы бар қаржыны «өз қалтама салғам жоқ» дейді. 2022 жылдың қазан мен қаңтар аралығындағы түскен 522 миллион теңгені бұрынғы мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға бергенін айтады. Бекболаттың беделіне сеніп бизнес істеймін деп жүргенде, өзім де жер сипап қалдым деп ақталды.
 

"Ол кісі ,былай айтқанда ,кәсіпті бірге жүргізгенбіз. Сол кісімен бірге жұмыс жасаймыз деген уәде берілген. Ол кісі құжаттандыру, басқа нәрсе бойынша уәде етеді. Себебі бізде мүфтият тарапынан лицензия алу, яғни туризм басқармасына тіркеуге 100 миллион теңге, яғни мүфтиятқа 100 миллион лицензия алу, 50 миллион туризмге тіркелу, ондай қаражат мен шығара алмаймын. Бекболат мырза айтты ,жоғары беделді адам болғандықтан ,мен ол нәрсенің бәрін өзім алам, сен тек өз кәсібіңмен айналыса бер деген уәде берді",-дейді сотталушы Медет Мұратбайұлы.

Медет Мұратбайұлы тергеу кезінде Беболат Тілеуханмен беттескен де екен. Бірақ 28 жастағы сотталушы бірде-бір дәлел келтіре алмапты. Құр сөзге сенбеген судья оны алаяқтық бабымен кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушілерге екі айдың ішінде 254 милоион теңге қайтарып беруі керек.

"Сондықтан пікірлерін қылмыспен келген залалдың мүлдем өтелмегенін, өкініш білдірмегенін, осы істің ауырлығын ,істеген ісінің ауырлығын сезінбегенін сот ескере отырып, бұл кісіге тек қана бас бостандығын айыру жазасын тағайындау арқылы сот өзінің жазаның мақсатына жетеді деген пікірге келді",-дейді Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы  Айнель Орақбаева.

Жәбірленушілер сот шешіміне қанағаттанған жоқ. «Кем дегенде он жыл отырсын» деген олар, сондай-ақ «Кәусар Тревелді» жарнамалаған жұлдыздарды да жауапқа тартуды талап етуде. 
 

«Кәусар Тревелдің» парақшасындағы әншілердің, актерлардың видеороликтерін көріп ,билет алуға келдік. Артур, Аша Матай, Арман Қоңыр, Абай және келіншегі Жанель екеуі тегін ұшты деген ақпарат берді. Және Абай Асылханға 14 про макс Айфон тегін сыйлады деп қыздар айтты, менеджер қыздар айтты. Және Мирас Жүгінісов, Рүстем сияқты әншілердің актерлардың жауапқа тартылғанын қалаймыз . Сотқа жартылай келіспейміз",-дейді  жәбірленуші Аружан Тілеубек.

Сот шешімі бойынша арам ақшаға алынып, тергеу басталғанда сатылған қымбат бірнеше көлік енді қайтарылып, жәбірленушілердің берешегін жабуға жұмсалады. Бірақ Бекболат Тілеуханның үстінен полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыздандым деген Медет Мұратбайұлы енді апелляциялық шағым түсірмекші.

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар