Елімізде микронесие алушылар саны артқан. Бірінші кредиттік бюро 2023 жылдың тамыз айында қазақстандықтарды несиелеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ulysmedia- ға сілтеме жасап.
Тамызда берілген несиелердің жалпы көлемі шілдедегі рекордтық көрсеткішке жақын болды – шамамен 1,4 трлн теңге.
"Сәуір айынан бастап алғаш рет жаңа несие рәсімдеген қазақстандықтардың саны төмендеді: шілдедегіден 85 мың адамға аз. Бірақ қарыз алушылар әлі де көп – шамамен 2,5 миллион адам. Кепілсіз тұтынушылық несие секторында соңғы уақытта алғаш рет құлдырау байқалды. Микроқарыздар алушылар саны, керісінше, шілдедегі көрсеткіштен 22 мың адамға артып, 443 мың адамға жетті", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар автонесиелер саны артып келеді. Тамыз айының соңына қарай берілген қарыздардың саны 400 мыңнан асқан.Ал заңды тұлғаларға берілген несиелер көлеміне келсек, өткен аймен салыстырғанда күрт өсім бар.
"Шілдеде 1,1 трлн теңге несие берілсе, тамызда заңды тұлғалар 1,6 трлн теңге қарыз алған. Бұл 2023 жылғы рекорд. Қарыз алушылар мен келісімшарттардың саны айтарлықтай өзгерген жоқ, бірақ берілген несиелердің орташа сомасы 36% - ға, 29 млн теңгеге дейін ұлғайды. 2023 жылдың 1 қыркүйегіне портфель 23,5 трлн теңгені құрайды", - делінген хабарламада.
Халыққа жолдауында президент банктердің тұтыну несиелерін оңды-солды беруін сынға алған. «Нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды», – деді Тоқаев.
Ұлттық банк жариялаған деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың тенгеден аспайды.