Төреғалидің адвокаты әншінің артық кеткен полиция қызметкерлерін кешіргенін айтты
- автор kyn.kz
- 3 қазан, 2023
- 5.1k
Төреғали Төреәлінің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев әншінің ісіне байланысты тың деректермен бөлісті. Ол жұлдыздың құқығы бұзылды дейді. Төреғали полиция қызметкерлерін артық кеткен ісі үшін кешіргенін айтқан, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
"Сот Төреғалидің ісі бойынша оны кінәлі деп тапты. Оған 20, 15, 3 тәулік әкімшілік қамақ түрінде жазалар қолданды. Ол жазасының бәрін өтеді. Бірақ, Төреғалидің құқығы бұзылғаны рас. Өйткені, әу бастан, ұстаған кезден бастап, өзінің асығып бара жатқанын түсіндірген. Олар түсінгісі келмей, мәжбүрлі түрде көліктен шығуын талап еткен. Сол кезде ол "Жақсы, мен қорғаушымды шақырайын. Қорғаушым келсін.
Соның қатысуымен сұрақтарыңызға жауап берейін" деген. Бірақ, оған мұрша бермеген. Оны сүйрелеп, көліктен жерге құлатып, бәрі жамырап үстіне мініп алып, қолына кісен салып, ауыр қылмыс істеген адамды ұстағандай ұстады. Ол енді болмайды ғой. Тізесімен басын езу, қолын қайырып, кісен салу деген болмайды. Ол кінәсі дәлелденбеген адам. Олай ұстауға болмайды. Кінәсі дәлелденіп, құқықпен жаза тағайындалмады", - деді адвокат.
Әншіні ауыр қылмыс жасаған адамдай ұстағанын айтты. Сол әрекеттеріне Төреғали кешіріммен қарапты. "Полицейдің артық кеткен жері көп болды. Төреғали Төреәліге мен полиция қызметкеріне қатысты іс қозғауға қатысты материал дайындап қойдым. Бірақ ол кісі "Олардың ата-анасы, бауырлары, туыстары тыңдарманым ғой. Бір жолға кешірейін. Тапсырма берілгесін солай жасаған шығар. Кешірімді болған дұрыс қой" деп, бізді тоқтатып қойды", - деді адвокаты Тілеужан Кішкенебаев.