Өнер иесі "Оян" бағдарламасында келінге қатысты ойын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бағдарлама мәліметіне сүйенсек, Айжұлдыз Адайбекова театрда бағын сынап, "Келіндер көтерілісі" қойылымда кенже келіннің рөлін ойнаған.
"Меніңше, кейіпкерімнің мінезі өзіме сәл ұқсас. Бірақ ол маған қарағанда позитивті. Ал мен шын өмірде өте салмақты адаммын. Сондықтан бұл жағдайдан шығып жатырмын. Ерекше, күшті сезім. Өкінішке қарай, бұл әлемде стереотип көп. Үйге келін келсе, оны робот немесе құл секілді қарайды. Меніңше, бұл дәстүр, қағида бірте-бірте жойылуы керек. Қазақта "Еңкейгенге - еңкей. Шалқайғанға - шалқай" деген жақсы сөз бар", - деді Айжұлдыз Адайбекова.
Айта кетейік, Айжұлдыз Адайбекова мен мобилограф Қыран Талапбек үйленген еді. Бірақ екеуі ұзақ тұра алмады, өйткені Айжұлдызды Қыранның анасы қабылдай алмаған. Бұл жөнінде Айжұлдыз Адайбекова Инстаграм парақшасында "Сөмкемді жинап, үйімнің алдына өзі ертіп әкеп тастады. Ішімдегі балама да қараған жоқ" деп жазған болатын. Олардың бүгінгі таңда ортақ ұлы Назар бар.