ІІМ мәліметінше, алаяқтық туралы арызбен мегаполис полицейлеріне 27 жастағы азаматша арыз берді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Жәбірленушінің айтуынша, аз ғана уақыт таныған әйел оған оқу орындарының біріне жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берген. Бұл қызметін ол 1 млн теңгеге бағалаған.
Аталған жайтты Тұран АПБ тергеушілері СДТБТ-ға ҚК-нің 190-бабымен тіркеді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына дереу кірісті.
“Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 36 жастағы күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында әйелдің басқа да ұқсас қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ол тағы бір азаматшаны мемлекеттік бағдарламамен кезексіз пәтер мен бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант алып беремін деп бір жарым миллион теңгеге сан соқтырған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесімен іс бойынша процестік шешім қабылданады”, – деп мәлім етті полиция.
Айта кетейік, бұдан бұрын қазақстандық келіншек көлігін заңдастырғаны үшін алаяқтарға 6 миллион теңге берген еді.