«Англияда жұмыс тауып беремін». Алматыда жалған жарнамаға жарты миллионнан беріп алданған
- kyn.kz
- 9 қараша, 2023
- 1.2k
Алматыда жалған жарнамаға сеніп жиған-тергенінен айырылғандар шу шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Англияда жалақысы жоғары жұмыс тауып беремін дегенге сенгендердің әрқайсысы жарты миллионнан санап беріпті. Айтуларынша, Jumyste компаниясы «саңырауқұлақ, құлпынай теріп қалтаңды қампайтасың» деп уәде берген.
Келісімшартқа сай, кейбірі тіпті жазға дейін ұшып кетуі керек еді. Алайда қазір шетелге кетпек түгілі, қаражатын қайтара алмай жүр.
Жұмыс тауып беру керек болған Jumyste компаниясына алдандық деген жастар еліміздің түкпір-түкпірінен бүгін Алматыға арнайы жиналды. Бәрінде бір мәселе — шетелде алма, құлпынай, саңырауқұлақ теріп ақша табу үшін компанияға қомақты қаражат құйған. «Ақыр соңында дымсыз қалдық» деп отыр.
“24 мамырда 600 мың теңге төледік ақшасын. Төрт адам едік. Алты айда шамамен 45 миллион тауып келесің деді. Үш-төрт ай күтесің деді. Мақұл дедік. Қыркүйекке таман кету керек болғанбыз. Уақыт созылып кетті. Жазамыз, жауап бермейді”,-деді Ернат Жомарт.
Жұрт компанияның әлеуметтік желідегі жарнамасына сеніп қалдық дейді. Расында да, Инстаграмдағы парақшасына кәдімгідей тәнті боласың. 45 мыңнан астам оқырманы бар. Рас па, өтірік пе, әйтеуір клиенттерінің алты айда 13 миллиондай тауып жүргені жарияланған. Қала берді, сан түрлі жеңілдіктермен де тартыпты.
“ Басында бізге көп жалақы аласыңдар деді. Миллион 200 мыңнан басталады. Келісімшарт бойынша алты ай істейсіңдер деді. Егер қасыңа адам ертіп келсең, 50 мыңнан жеңілдік болады деді. Бірекі адам ертіп келсең, жеңілдік көбейе береді деді”,-деді Фархат Балтабаев.
Бүгін кеңсеге басып кірген ашулы адамдарға неге әлі күнге дейін шетелге шыға алмай жүргенін компаниядағылар мардымды түсіндіре алмады. Келісімшарттарына қарап, әрқайсысында әр түрлі себеп деп отыр.
“15 наурызда келісімшартқа отырған. Содан кейін бұл кісінің құжаттары дайындалды, әңгімелесу уақытында форсмажор деген болды. Мысалға, Англиядан комиссия келіп, әңгімелеседі. Сол кезде Англия жақтан уақыты қойылған жоқ. Сол себепті алты айға берілген келісімшартының уақыты өтіп кеткен болатын”,-деді Ердәулет Мұхамеджан, Jumyste компаниясының өкілі.
Біресе Англиядағы комиссияның кесірі десе, біресе жұрттың өзін кінәләп шықты. Әу баста өзіне шаң жуытпаған қызметкерлер ақыр соңында артымыздан жүгірумен болды.
Тіпті көлігімізге дейін шығарып салып, тізерлеп жығыла кетті. Қызметкерлерінің бұлай жалынуы да бекер емес. Өйткені өткен айда ғана Jumyste компаниясына алдандық деп өзге де қазақстандықтар шулаған. Олар да Англия мен Швейцарияда құлпынай теріп үш айда 3 миллион теңге таппақ болып, жыл басында 750 мың теңге қалтасынан жырып беріпті. Сөз бен іс сай келмеген соң, жұрт өз ақшасын сұрап наразылық білдіргені сол еді, компаниядағылар бірден қаражатты қайтарып берді. Бұл жолы да шу шығарған жастарға біз кеткен бойда берешегін түгел қайтарған.