Алматы облысы әкімінің өкімімен Мәди Ахметов Алматы облысы жастар саясаты мәселелер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Мәди Ахметов әр жылдары Nur Otan партиясы (кейін Amanat болып өзгерген) жанындағы Jas Otan жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы, Халықаралық бизнес университетінің Қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде деканның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ парламент мәжілісінің депутаты болған. Бұдан кейін Алматы қаласының жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорында штаттан тыс кеңесшісі ретінде қызмет атқарған.
Айта кетейік, Мәди Ахметов 2021 жылы мәжіліске ең жас депутат болып сайланған еді. Ал биылғы қыркүйекте оның Алматы облысы жастар саясаты басқармасының басшысы лауазымына орналасуға дайындалып жатқаны туралы хабар тараған. Алайда әкімдік өкілдері бұл хабарды растамады. Еске салайық, Мәди Ахметов 2019 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін қоюды ұсынған кезде танымал болған еді. Ол "жастар атынан" жасаған үндеуінде ескерткішті Назарбаев даңғылында тұрғызуды ұсынған. Бұдан кейін оны сынағандар болды.